МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда фармацевтикалық зауыт салынады

4 айдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері көңіл қуантарлық. Ауыл шаруашылығынан басқа сектордың бәрінде өсім бар. Алайда, жекелей алғанда өңірді артқа тартып тұрған аудандар да жоқ емес. Жұмыртқа өндірісінің азаюы – түсінікті жайт. Өткен жылғы құс тұмауының салдары әлі толығымен жойылған жоқ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құс фабрикаларындағы жағдайды біртіндеп түзеп келеміз. «Якорь» серіктестігінде оң динамика байқалады. Өндіріс 10,6 млн данаға дейін жетті. Есіл де қуаттылығын арттырып, бүгінге дейін 43 млн жұмыртқа шығарды. Қазір кәсіпорын балапандарды әкелуде. Шілде мен қазан айларында тағы 80 мың бас құс жеткізіледі.

Десе де, Бескөл мен Әділ-Құс фабрикалары да өндірісті мықтап қолға алды деп айтуға келмейді. Бейінді басқарма жағдай осы айда реттеледі деп еді, реттелмеді. Сөйтсек, Әділ-Құс жұмысын жуырда ғана жандандырыпты. Бүгінге дейін кәсіпорында 180 мың жұмыртқа шығарылған. Ал, Бескөл құс фабрикасы бұл іске тіпті кіріспеген.

Ерболат Бекшенов – СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Бескөл құс фабрикасы балапандарды сатылымға шығару үшін сатып алды. Қазір тауық пен үйректерді саудалауда. Әзірге, жұмыртқа шығармайды. Жалпы, жұмыртқа өндірісінің құс тұмауына дейінгі көрсеткішіне жарты жылдың қорытындысы бойынша қол жеткіземіз деп отырмыз.

Ал, Есіл мен Жамбыл аудандарында етті бағыттағы мал шаруашылығы кенжелеп қалған. Ата кәсіпті сүт өндірісімен бірге қатар алып жүру қажет дейді өңір басшысы Құмар Ақсақалов. Бұл ретте Уәлиханов пен Ақжардан үлгі алу керек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мамыр айында Ақжарға қарасты «Береке» серіктестігінің бордақылау алаңына Ирландиядан тағы 500 бас ангус тұқымдас қара мал жеткізілді. Уәлиханов ауданындағы «Жәке» шаруа қожалығы агрокредиттік корпорация арқылы 5 мың асыл тұқымды ірі қара сатып алмақшы. Бюджеттен бұл мақсатқа 750 млн теңге бөлінді. Мұндай жоба әрбір ауданда қолға алынуы тиіс.

Мамлют, Шал ақын мен Есіл де облыстық көрсеткішті артқа тартып тұрғандардың қатарында. Аталған аудандарда құрылыс қарқыны бәсең. Бюджеттен қаражат бөлінген, алайда әлеуметтік маңызы бар нысандарды тұрғызу жұмыстары әлі басталмапты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мамлют ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салатын мердігер әлі анықталған жоқ. Неге уақытты зая кетіріп жүрсіздер? Көзді ашып-жұмғанша жаз да өте шығады. Сонда құрылысты қай уақытта жүргізесіздер? 30 пәтерлі баспаның да жайы сол. Бөлінген қаражат неге игерілмей жатыр?

Баспана демекші, биыл өңірде 340 мың шаршы метр қолданысқа тапсырылмақ. Оның басым бөлігі жеке құрылыс компаниялары есебінен тұрғызылады. Мұндай жүйені аудандарда да қолға алу керек деді облыс әкімі. Инвесторларды әсіресе қаңырап бос тұрған нысандарды қайта қалыпқа келтіруге тарту қажет.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Шал ақын ауданында 47 пәтерлі тұрғын үй қалыпқа келтірілуде. Шаруаға жеке инвестор кірісті. Нысандағы жұмыс аяқталған соң, әкімдік кезегінде тұрған отбасылар қоныс тойын тойламақ. Әрбір аудан орталығында қаңырап тұрған ғимараттар бар. Айыртауда қалыпқа келтіруді талап ететін мұндай баспаналардың саны өте көп. Не себепті әлі күнге дейін мардымды іс атқарылмай келеді?

Өңірдегі өнеркәсіп кешеніне тағар мін жоқ. 4 айдың ішінде машина жасау секторындағы кәсіпорындар 16 млрд теңгенің өнімін шығарыпты. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырсақ, өсім бақандай 6 млрд теңгеге көп. Ал, инвестиция тарту бойынша қарқын ауыз толтырып айтарлықтай. Өңірге 2018-де сырттан 214 млрд теңге қаржы құйылса, былтыр көрсеткіш 281 млрд-ты құраған. Бірақ, биылғы меже одан да асып түседі. 2021-дің қорытындысы бойынша өлкеге 400 млрд теңгеге жуық қаржы тартылмақ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өткен аптада Үкімет май экстракциялау зауытының құрылыс жобасын мақұлдады. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 370 мың тоннаны құрамақ. 200 тұрақты жұмыс орны ашылып, 15 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылады. Әрі өңірдегі қайта өңдеу саласының үлесі артады. Шикізатты емес, өзімізде шығаратын дайын өнімді экспорттайтын боламыз.

Қызылжар арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындардың саны да артпақ. Жақын арада Петропавлда фармацевтикалық зауыттың құрылысы басталмақ. Жоба ресейлік инвесторлармен бірлесе жүргізіледі. Өндіріс ошағында екпе егуге арналған ерітінді әзірленбек. Тағы жылына 1 млрд түйнек дәрі мен 200 млн желатин капсуласын шығару көзделген.

 

 

Эльмира Садвокасова