МТРА жаңалықтары

Өңір диқандары бүгінге дейін 765 мың гектардан астам жерге тұқым септі

М.Жұмабаев ауданындағы «Возвышенское» шаруа қожалығы егістік науқанын мамырдың алғашқы аптасында бастаған. Қазір алқаптардың бірінде ресейлік тұқым себу кешені желдей жүйткіп жүр. Тегеурінді техника бір мезетте бірнеше қызмет атқарады. Ол алқаптың бетін тегістейді, жерге ырыс дәнін сіңіреді және танапты бораналап өтеді. Мұндай заман игілігінің көмегімен тәулігіне 200 гектар аумақта жұмыс жүргізуге болады екен.

Саян Құдасбаев – «Возвышенское» ШҚ бас агрономы, М.Жұмабаев ауданы:

– Биыл қар көп түсіп, жердің тоңы біраз уақыт жібімей тұрды. Егістік кестесінен кешігеміз бе деп алаңдадық. Абырой болғанда, күн тез жылып, бәрі орнына келді. Шаруа жылдағы уақытта басталды. Бүгінге дейін 3 мың гектарға тұқым сеуіп үлгердік.

Бүгінгі күні шаруашылықтың 6 мың гектарды құрайтың алқабы бар. Биыл оның тек 4 мыңына тұқым себілмек. Күзге таман жердің басым бөлігінде бидай жайқалатын болады. Ал, қалғанына зығыр, арпа мен сұлы дәні сіңірілмек. Кәсіпорын өкілдері маңызды шаруаның басын мамырдың 25-іне дейін қайыруды жоспарлап отыр. Көктемгі дала жұмыстарын аяқтағасын қол қусырып отыруға болмайды. Ырыздыққа ала жаздай күтім жасау қажет. Сонда көл-көсір алтын дән қамбаға құйылады.

Саян Құдасбаев – «Возвышенское» ШҚ бас агрономы, М.Жұмабаев ауданы:

– Былтыр ауа райы қолайсыз болды. Жаңбыр аз жауғандықтан көп өнім жинай алмадық. Әр гектардан бар-жоғы 15 центнер астық ордық. Биыл бұл көрсеткішті 20-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Шаруа қожалығы техникалық паркті де жаңартқан. Нақтырақ айтсақ, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамынан пайызсыз 360 млн теңге несие рәсімдеп, тұқым себуге арналған 2 кешен мен 2 трактор алыпты.

Дамир Молдыбаев – «ҚазАгроҚаржы» АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

– «Возвышенское» шаруа қожалығы несиені «Шебер-лизинг» бағдарламасы аясында рәсімдеді. Аталған жоба аясында қаражат 1 жылға беріледі. Қарыз алушы берешекті бекітілген мерзімге дейін қайтарса, үстемақы қосылмайды.

«ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының жергілікті филиалы биыл 160 шаруашылықты қаржыландырыпты. Барлығы – 14 млрд теңге рәсімделген екен. Қомақты сомаға 420 бірлік техника сатып алынған.

Маржан Касымбек