Білім

Жуық арада жазғы мектептер жұмысын бастайды

Санаулы күндерден кейін оқу жылы аяқталады. Биылғы жыл білім алушылар мен мұғалімдер үшін оңайға соқпағаны рас. Өйткені, оқу ұялары біресе қашықтықтан жұмыс істеді, біресе дәстүрлі форматқа ауысты. Салдарынан жеткіншектердің кейбір тақырыптарды дұрыс меңгере алмағаны жасырын емес. Осы орайда мамырдың 26-сынан бастап маусымның 19-ына дейін өңірде жазғы мектептер ұйымдастырылатын болады.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Жазғы мектепте оқушылар өз еркімен оқиды. Яғни, ешкім ешкімді мәжбүрлемейді. Тақырыпты дұрыс түсінбеген балалар болса, ата-аналарының жазбаша өтінішімен жазғы мектепке бара алады. Сабақтар негізгі пәндер бойынша өтеді, баға қойылмайды. Бүгінге дейін 18 мыңнан астам өтініш келіп түсті.

Мұғалім жазғы мектеп жұмыс істесе де демалыс уақыты кемімейді. Яғни, бұрынғыша жазда 56 күн демалмақ. Айта кеткен жөн, «Алтын белгіге» үміткерлердің тапсырған қорытынды емтихан жұмыстарын білім басқармасы жанынан құрылған арнайы комиссия тексеретін болады. Үздік түлектердің жазбалары сканерден өткізіліп, білім басқармасына электронды түрде жіберіледі. Биыл облыс бойынша мұндай атаққа 153 түлек ниетті. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы 11-сыныпты бітірушілер алғаш рет ҰБТ-ны электронды форматта тапсыратын болады.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– ҰБТ-ның онлайн форматқа ауысуы маңызды емтиханның әділ әрі ашық болуын қамтамасыз етпек. Биыл сынақ сәуір айында басталып, 30-маусымда аяқталады. Және түлектер тапсыру орны мен күнін өздері анықтайтынын атап өткім келеді. Ол үшін app.testcenter.kz. сілтемесі бойынша тіркеуден өту керек. Сонымен қатар, ұл-қыздар тестілеуді 2 рет тапсыра алады.

Бұған дейін талапкерлер апелляцияға сынақ біткеннен кейін келесі күні өтініш білдірсе, енді сұрақ жауабын қайта қарастыруға бұйымтайын сол күні-ақ білдіре алады. Жалпы, бүгінде өңірде 73 мыңнан астам оқушы бар. Оның 6 жарым мыңға жуығы 9-сыныпты бітірсе, 3 мыңнан астамы – мектеп түлегі.

Алтынай Казиканова