Қоғам

“Үздік жас отбасы-2021” байқауы қорытындыланды

Дәурен Төлеу мен жары Василисаның махаббат хикаясы мектеп қабырғасынан басталған. Ерлі-зайыптылар 7 жыл бір-бірін танып-біліп, 2015-те шаңырақ көтеруге шешім қабылдаған. Қазіргі таңда Тамила атты қызы мен Думан, Карим есімді ат жалын тартып мінер ұлдары бар. Байқауға белсенді түрде қатысқан Булаево қаласының тұрғындары бүгін марапатқа ие болды. Олар өзгелерден оқ бойы озып шығып, 1-ші орынды жеңіп алды.

Василиса Төлеу – “Үздік жас отбасы-2021” байқауының жеңімпазы:

– Отбасымыз ұйымшыл. Бір-бірімізге қашанда көмек беріп, қолдау көрсетеміз. Бұған дейін жекелей сайыстар мен іс-шараларға қатыссақ, биыл алғаш рет отбасымызбен бақ сынап отырмыз. Жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз.

Жалпы, бұл байқауға тағы жас деген 9 жанұя қатысқан. Екінші орын Ақжар ауданының намысын қорғаған Хасеновтардың отбасына бұйырды. Ал, үздік үштікті петропавлдық Ахашовтар тұйықтады. Барлық қатысушыларға ақшалай және естелік сыйлықтар табысталды.

Даяна Оспанова, “JE SKO штабы” ҚБ төрағасының орынбасары:

– Байқау сәуір мен мамыр аралығында ұйымдастырылды. Оған 29 жасқа дейінгі ерлі-зайыптылар қатысты. Барлығына бір талап қойылды. Бірінші кезеңде қатысушылар тіркеуден өтті. Ал, келесісінде отбасылық суреттерін инстаграм желісіне жүктеп, өздерін жақынырақ таныстырды. Ақтық кезеңде үміткерлер “Байқауда неге біз жеңуіміз керек?” деген cұраққа жауап ретінде видеоролик түсірді.

Айта кету қажет, “Үздік жас отбасы-2021” байқауы өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

 

 

Алдияр Айтпаев