ТЖ

Өзен-көлдерде рейд шаралары жүргізіліп жатыр

Суға түсу маусымы басталған жоқ. Бірақ, ми қайнатарлық кешегі ыстық біршама қала тұрғынын Пестрое көлінің жағасына жинады. Күн шыжып тұрғанмен, су әлі салқын. ТЖД департаменті мамандарының айтуынша судың температурасы 16 градустың шамасында. Бұл көлдің бергі әрі беткі жағы, ары қарай жылжыса тіпті суық. Шомылуға оқталған адамның дене қызуы бірден төмендеп, сіңірі тартылып қалуы мүмкін. Суға түсуге қолайлы температура – 20 градус. Дәл қазір өзен-көлге асығудың қажеті жоқ дейді құтқарушылар.

Марат Мұратов – СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

– Департамент қызметкерлері облысымыздағы өзен-көлдерді аралап, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Өңірде суға түсуге арналған 58 орын бар. Қазіргі таңда бұл жерлерде тазарту, шомылу маусымына дайындау жұмыстары өтуде. Алдағы уақытта түсіндіру жұмыстарына еріктілер мен тәртіп сақшыларын жұмылдырамыз.

Рейд барысында мамандар 100-ге жуық жаднама қағазын таратты. Парақшаларда қауіпсіздік қағидалары жазылған. Ережелер қарапайым, ең бастысы, осыны ұстанған адам өз өмірін тәуекелге тікпейді. Бірақ, осы айтылғанды естір құлақ болса?

– Әрине, құтқарушылардың ескертпелерін ескереміз. Біразын өзіміз де білеміз. Мамандар бұл жұмыстарды біздің қауіпсіздігіміз үшін жасауда.

– Біз ережемен жақсы таныспыз. Бірақ, жастар жағы бұған бейжай қарайды. Сол жағын қадағалау қажет.

ТЖД қызметкерлері суға түсуді әдеттегідей маусымнан бастау қажет дейді. Сондай-ақ, тек рұқсат етілген жерлерде ғана шомылған жөн. Өйткені, өткен жылы облыс аумағында 9 адам суға түсуге арналмаған жерде шомылып, қаза тапқан.

 

 

 

 

 

 

Алдияр Айтпаев