Қоғам

Қоғам белсенділері қалада әлеуметтік эксперимент жүргізді

Қаланың қақ ортасында орналасқан әрі адам көп жүретін Қазақстан Конституциясы көшесі – әлеуметтік эксперимент өткізуге өте ыңғайлы жер. Қазір мұнда сондай сынақтардың бірі ұйымдастырылмақ. Оның жүргізушісі – «Qyzyljar – Adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің мүшесі Ерлан Әбілкәрімов. Сценарий бойынша ол жолда кетіп бара жатып қалтасынан телефонын ала бергенде әмиянын түсіріп алады. Артынша өзі түк байқамағандай кете береді. Сонымен эксперимент басталды. Алғашқы жолыққан кісі әмиянға мән бермей өтіп кетті. Есесіне, артындағы жасөспірімдер жердегі затты көріп қалып, иесін іздеді.

Әлеуметтік эксперимент ары қарай жалғасын тапты. Бұл жолы Ерлан өз тәсілін өзгертті. Әмиянды әлгі жерден жүгіріп өткенде түсіріп алды. Оны байқаған қала тұрғындарының бірі қоғам белсендісінің артынан қуып жетіп, тиесілі затын қайтарып берді. Жерлестеріміздің бұл әрекеті мақтауға тұрарлық. Қалалықтардың ешбірі жағдайға бейжай қарамады. Яғни, біреудің дүниесін қалтаға баспады. Жалпы, өңірімізде мұндай акция алғаш рет өткізіліп отыр.

Сәлімхан Сәбитов – «Qyzyljar – Adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Мұндай іс-шаралар әлі де жалғасын табатын болады. Тұрғындар арасында сауалнама жүргізбекшіміз. Олардан «Qyzyljar – Adaldyq alańy» жобалық кеңсесі жайлы не білетіндігін сұраймыз.

Акция барысында мамандар заңбұзушылық орын алған жағдайда қайда хабарласуға болатындығын да түсіндірді. Бармақ басты, көз қыстылықтың куәсі болсаңыз «Qyzyljar – Adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің Сall-орталығына 1424 нөмірі бойынша хабарласуға болады. Ал әлеуметтік мәселе жөніндегі шағымды «Қоғамдық бақылау картасына» жолдауға мүмкіндік бар.

Сәлімхан Сәбитов – «Qyzyljar – Adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Тұрғындар тарапынан сұрақ көп түсті. Ақпанда қар тазалауға көмек сұрағандар жиі кездесті. Фотоға түсіріп, бізге жіберді. Соның арқасында мәселе 1 күнде шешілген кездер болды.

Қазіргі таңда тұрғындардың басым бөлігі жолдың сапасына шағымданатын көрінеді.

 

 

 

 

Маржан Касымбек