Мәдениет

18 мамыр – Халықаралық музей күні

Үш жыл бұрын аққайыңдар өлкесінде ауқымды археологиялық жұмыстар бастау алған болатын. Нақтырақ айтатын болсақ, Уәлиханов ауданына қарасты Береке ауылының маңынан орта ғасырға жататын Қызыл Оба қорымы табылып, археолог мамандар 700 шаршы метрді құрайтын мазардың бетін ашты. Нәтижесінде өткеннен сыр шертетін түрлі жәдігерлер табылды. Тіпті, 4 адамның сүйегі де анықталды. Археологиялық жұмыстарға Павлодар педагогикалық университетінің “Margulan Centre” археологиялық экспедициясы және жергілікті жоғары оқу орнының ғалымдары мен студенттері қатысты.

Рақат Мамбеталинов – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры:

– Қызыл Оба қорымындағы жұмыстар жалғасын табады. Маусым айының 2-ші жартысында тарихи орынға аттанамыз. Қазба жұмыстарынан бөлек, онда археологиялық туризмді дамытуды жоспарлап отырмыз. Яғни, алдағы уақытта кез келген адам сол жерге барып, археологтармен бірге еңбектеніп, тарихпен жақынырақ таныса алады. Сондай-ақ, Қызыл Оба қорымына жазда ғана емес, жылдың кез келген уақытында баруға болатындай мүмкіндік жасамақпыз.

Қызыл Оба мазарынан археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған материалдарды Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы үстіміздегі жылдың сәуір айында жергілікті тарихи-өлкетану музейіне табыс еткен. Барлығы 300-ге жуық жәдігер екен. Халықаралық музей күніне орай олардың бір бөлігі көрмеге қойылды. Бүгін қазба жұмыстары барысында түсірілген фотосуреттер мен видеоматериалдар да көрермен назарына ұсынылды.

Жансұлу Бекенова – облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі:

– Бұл көрмеде 4 бірдей монета бар. Олар археологоялық зерттеулер барысында табылған. Монеталардың үстінде арабша жазуларды байқауға болады. Олар 1337 жылы құйылғандығы дәлелденіп отыр. Нақты Алтын Орда кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Сондай-ақ, көрмеде алтын сырғаны да байқауға болады. Тағы күйдірілген қызыл кірпіштер де бар.

Көрмеде Алтын Орда кезеңінде қыштан жасалған түрлі бұйымдар мен ыдыс-аяқтарды да қызықтауға болады. “Қызыл Обаның сыры” атты көрме бір айға жалғасады.

 

 

Дана Ешкенова