Ауыл шаруашылығы

Есіл ауданында биыл ауылішілік жолдар жөнделеді

Өткен жылы Есіл ауданында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 53 млрд 40 млн теңгені құрапты. Жекелеген бағыттарға тоқталайық. Былтыр Есілде ет өндірісінің көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 2,1%-ға артқан. Ал биылғы қаңтар мен сәуір аралығындағы көрсеткіш 1855 тоннаны құрап отыр. Сүттің де үлесі біршама ұлғайды. Үстіміздегі жылдың 1-мамырындағы жағдай бойынша өндірілген ақтың көлемі 8500 тоннаға жуықтайды.

Алтынбек Абдоллаев – Есіл ауданының әкімі:

– 2020 жылы «Ебжанов и К» серіктестігінде 1000 бас ірі қараға арналған сүт-тауарлы ферманың құрылысы басталды. Германиядан 200-ге жуық симментал тұқымды құнажын әкелінді. Құрылыс жыл соңына дейін аяқталмақ. Тағы биыл «Атамекен-Агро-Корнеевка» серіктестігінің базасында 1500 бас сиырға арналған сүт-тауарлы ферманың жобасын әзірлеу жұмыстары басталып кетті. Бүгінде жер учаскесі бөлінді, жобалық-сметалық құжаттама бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Жалпы, ауданда алдағы уақытта ірі қара мен Шопан ата төлі көбейіп, мал шаруашылығы одан әрі дами түспек»,- дейді Алтынбек Абдоллаев. Сонымен қатар, қазіргі күні Есілде өсімдік шаруашылығы бойынша 2 инвестициялық жоба іске асырылуда. Атап айтсақ, «Азия-Торанғұл» серіктестігі аумағында астық өнімдерін сақтап-жөнелтуге арналған қойманың құрылысы жүріп жатыр. Жобаның құны 1 млрд теңгені құраса, нысанның сыйымдылығы 10 мың тоннаға жуықтайды. Іс осы жылдың соңына дейін аяқталмақ.
Сондай-ақ, Есіл ауданында өткен жылы 1 млрд 438 млн теңгеге 33 шақырымнан астам жол жөндеу көрген.

Алтынбек Абдоллаев – Есіл ауданының әкімі:

– Коммуналдық инфрақұрылым турасында айтар болсақ, Явленка селосында 35,5 млн теңгеге 3 км 600 м жылу желісі жөнделді. Көпқабатты 6 тұрғын үй орталық жылытуға қосылды. Және 80 млн теңгеге 27 пәтерлі тұрғын үйді жылытуға арналған жаңа қазандық салынды. 5 мектепте жылыту қазандықтары ауыстырылды.

Өткен жылы аудан бойынша 30-дан астам елді мекенде жарықтандыру жұмыстары жүргізілсе, биыл бұл бағыттағы шаруа 11 ауылды қамтымақ. Оған 30 млн теңгеге жуық қаржы бағытталғалы отыр. Есіл ауданында 2020 жылы облыстық бюджет есебінен 13 млн теңгенің медициналық құрал-жабдығы алынған. Тұрғындарды коронавирусқа қарсы вакцина егу жүргізілетін 5 дәрігерлік амбулатория жұмыс істеп және тағы 7 қосын құрылған. Бүгінге дейін 2 жарым мыңнан астам адам екпе алыпты.

Алтынай Казиканова