МТРА жаңалықтары

Аққайың ауданында көктемгі дала жұмыстары қызу жүргізілуде

Аққайың ауданына қарасты “Токуши-Grain” серіктестігі егістікке бірнеше күн бұрын кірісіпті. Бүгінге дейін 800 гектар жердегі жұмыс тәмамдалған. Мақсат – 6400 гектарға дән сіңіру. Оның басым бөлігі, яғни 4 мыңына бидай егу жоспарланып отыр. Алқаптардың қалған бөлігі зығыр, сұлы, арпа мен жасымыққа арналған. Қазір диқандар соңғы екі дақылды егу үстінде. Аграрийлердің болашақ астықтан күтері мол. Себебі, көктемгі дала жұмыстарына дайындық күзден басталыпты.

Жомарт Омаров – “Токуши-Grain” ЖШС директоры:

– Былтыр күзде 2 мың гектарға фосфорлық тыңайтқыш енгіздік. Қыста қар тоқтату жұмыстарын жүргіздік. Ылғалды сақтау мақсатында ылғал жабу жұмыстарын бітірдік 5-мамырға дейін.

Өнімнің шығымдылығы көктемгі дала жұмыстарының технологиясына да тығыз байланысты. Мәселен, аграрийлер қазір тұқымды топыраққа барынша тереңірек егуде. Себебі, жауын былтырғыдай маусымның соңына қарай жауса, алтын дән ылғал жеткіліксіздігінен қурап қалмайды. Дән себу кешені өз жұмысын аяқтаған соң, алқап толығымен бораналанады. “Токуши-Grain” серіктестігінің диқандары мұнымен тоқтап қалмайды, үшінші қадам – техниканы тағы бір мәрте жүргізіп, жердің үстін жақсылап басу. Бұл тұқымның тез көктеуіне септеседі екен.

Жомарт Омаров – “Токуши-Grain” ЖШС директоры:

– Қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай қоры – бәрі жеткізіліп, қазір – қоймамызда. Егістік басында 30-дан аса техника жүр. Техниканың барлығы жаңа. Екі жыл бұрын алынған.

Ал, биыл шаруашылық базасы минералды тыңайтқыш дайындайтын кішігірім зауытпен толықты. Қондырғыда аммиак селитрасы, карбамид пен аммоний сульфатының гранулалары сумен араластырылып, ерітіледі. Осылайша, бар-жоғы 40 минуттың ішінде 1,7 тонна КАС-32 әзірленеді. Препараттың 1 тоннасы нарықта 130 мың теңгеге саудалануда. Оны осы зауытта әзірлеу әлдеқайда тиімді. Бірақ, қондырғының басты артықшылығы – басқада.

Антон Костив – “Токуши-Grain” ЖШС агрономы, Аққайың ауданы:

– Біз 6 мың гектарды өңдемекшіміз. Оған 600 мың литр КАС қажет. Минералды тыңайтқышты мұндай көлемде ешбір кәсіпкер әкеле алмайды. Әрі оны сақтайтын орын да жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, препаратқа тапсырыс бергенде түрлі себептерге байланысты ол кеш келуі мүмкін. Салдарынан сұйықтықты топыраққа мезгілінен кеш сіңіреміз. Ал қазір барлығы – өз қолымызда. Минералды тыңайтқыштың қажетті мөлшерін күнделікті дайындаймыз.

Зауытты серіктестік 28 млн теңгеге сатып алыпты. Жұмсалған қаражаттың 25 пайызы мемлекет тарапынан төленеді. Алқапта жүйткіп жүрген мына өсімдік қоректендіргіш бағасының төрттен бірі де үкімет есебінен өтелген. Техника сұйық минералды тыңайтқышты себуге арналған. Ол препаратты егілген тұқымның астынан 2 см тереңдікке сіңіреді. Яғни, сұйықтық оңды-солды шашылмай, бірден әрекет ете бастайды.

Эльмира Садвокасова