Білім

Петропавлдағы №27 орта мектебінде инклюзивті орталық ашылды

11 жастағы Наиль Латфулин түрлі түсті қарындашты қолдана отырып гүлдің жапырақтарын бояуда. Бұл жаттығу бала миының жұмысын одан әрі жақсартады. Егер ол жан-жақты ойлана бастаса белсенділігі артып, бұрын айта алмаған әріптерді айта бастайды екен. Мамандардың айтуынша, сурет салу – тілінде кемістігі бар жеткіншекті сөйлетудің ең тиімді тәсілдердің бірі.

Ольга Михайльо:

– Балам осында келгелі көңілді жүретін болды. Бұрын кей әріптерді дұрыс айта алмағандықтан тұйықтау болатын. Ортамен тіл табысып кетуі қиын еді. Ал қазір уақыт өткен сайын шығармашылық қабілеті дамып, ашылып келеді.

Инклюзивті орталық жұмысын өткен жылдың қыркүйегінде бастаған болатын. Сабақтар көбіне көбіне түстен ұйымдастырылады. Кабинеттің ресми ашылуы бүгін өтті.

Гүлбарам Ыбраева – №27 орта мектебінің директоры:

– Орталық «Dara» қайырымдылық қоры мен «SAMRYK-KAZYNA TRUST» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен ашылды. Ұйым өкілдері жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тиісті құрал-жабдықпен қамтыды. Мектебімізде 500-ден астам бала оқыса, соның 14-і осында келіп қосымша сабақ алады. Олардың барлығы – 6 мен 14-15 жас аралығындағы жасөспірімдер.

Сурет салудан бөлек, санайды, оқиды, түрлі тапсырмаларды орындайды. Мектептің дефектолог мамандары әр баламен жеке-дара жұмыс істейді. Қажет жағдайда психологтар да келіп оқушылармен әңгіме жүргізеді екен.

Гүлбарам Ыбраева – №27 орта мектебінің директоры:

– 8 маман инклюзивті білім беру курсынан өтті. Ерекше балалармен жұмыс істей алатын педагогтар бізге аса қажет. Сондықтан, алдағы уақытта оқу ұясының тағы бірнеше ұстазы арнайы сабақтарға қатысып, білімін арттырады.

Бұл – мектеп ішінде ашылып отырған 3-ші инклюзивті орталық. Қалған екеуі қаладағы №2 мен 40-шы мектептерде орналасқан.

 

 

 

Маржан Касымбек