МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдіктің отырысы өтті

Солтүстік Қазақстан облысында медицина, мәдениет, өнеркәсіптен бөлек спорт саласына да оң көңіл бөлініп келеді. Жыл өткен сайын аймақта түрлі жаттығу орындары ашылып, жастардың салауатты өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасалуда. Мәселен, қазіргі күні аймақта балалар мен жасөспірімдердің 30-ға жуық спорт мектебі, олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжі мен түрлі спорт клубтары жұмыс жасап тұр.

Сергей Мелехов – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Өңірде балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға 3,3 млрд теңгеден астам қаржы бағытталып отыр. Жалпы, облыс бойынша 2900-ге жуық спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Өткен жылдың өзінде ұйымдардың саны 107-ге өсті. Сондай-ақ, биыл Булаево мен Мамлютка қалаларында 2 жабық хоккей корты қолданысқа тапсырылды және аудандарда 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Биыл тағы осындай 4 нысан бой көтереді.

Өскелең ұрпақ өзіміздің ата дәстүр, ұлттық спортымызды да ұмытпаулары қажет. Ат үстінде отырып елі мен жерін қорғаған бабаларымыз жастарға түрлі ат ойындарын мұра етіп қалдырды. Ал біздің міндет – оны ары қарай ұлықтау.

Сергей Мелехов – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Биыл жергілікті бюджет есебінен Бескөлде ат және ұлттық спорт түрлерінің облыстық балалар спорт мектебі ашылды. Балалар мұнда аударыспақ, көкпар, теңге ілу, жамбы ату, бәйге секілді ойын түрлерімен айналыспақ. Осыған орай жылқы мен атқора сатып алу жөнінде конкурс жарияланды.

Спорт саласын дамыту жұмыстары жалғасын табады. Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың айтуынша алдағы уақытта Петропавлда су жаңа көпсалалы спорт сарайы салынбақ. Қазіргі күні жоспар әзірленіп жатыр екен. Сыйымдылығы 3 мың адамға арналған нысанның аумағы 25 мың шаршы метрді құрамақ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Заманауи спорт кешенінде республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады. Бұнымен қоса, Хромзауыт, Береке ықшам аудандары, Заречный мен Жұмысшы кенттеріндегі спорт инфрақұрылымын дамытуды да естен шығармауымыз қажет. Осы орайда қалалық әкімдіктен ұсыныстар күтеміз.

Әкімдік отырысында қаралған 2-ші мәселе малға екпе егуге қатысты. Ветеринар мамандардың айтуынша төрт түліктің арасында қауіпті аурулардың алдын алу үшін үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында 2 млн 93 мың доза вакцина егу жоспарланған.

Берік Әлжанов – СҚО ветеринария басқармасының басшысы:

– Препарат аса қауіпті 8 және 3 экзотикалық ауру түрлеріне қарсы қойылады. Жыл басынан бері жануарларға 1 млн 509 мың вакцина салынды. Ауруды ерте сатысында анықтау үшін 745 мың зерттеу жұмысын жүргізу жоспарланған. Қазіргі күні бруцеллезге – 335 мыңнан аса бастан және туберкулезге 186 мыңға жуық жануардан сынама алынды.

Нәтижесінде 160-тан астам ірі қарадан бруцеллез ауруы анықталды. Ал туберкулез 2 шыққан. Берік Әлжановтің айтуынша жануарлардың арасында биыл құтыру жайттары жиілеп кеткен екен. Жыл басынан бері мұндай 9 жағдай тіркелген.

Берік Әлжанов – СҚО ветеринария басқармасының басшысы:

– Үй жануарларына құтырма жабайы аңдардан жұққан. Себебі, күз бен көктем кездерінде ауыл маңына қарсақ пен түлкілердің келуі жиілепті. Экология министрлігіне жабайы аңдардың санын анықтау және оларды вакциналау жөнінде хат жолданды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ветеринарлық қауіпсіздікті сақтау мал шаруашылығы саласын дамытудың негізі болып тиабылады. Күнделікті өмірде ветеринарлық қауіпсіздікті сақтап, арнайы талаптарды орындау үшін білікті мамандар қажет. Бұл бағытта жыл сайын өңіріміздің ауыл шаруашылығы колледждерінен ветеринар мамандар оқытылып шығарылады.

Жалпы, өңірдегі ветеринарлық жағдай қазір тұрақты. Бұл салаға бөлінетін қаржының көлемі де өсіп келеді. Биыл аталған бағытқа 1,7 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 2 есеге көп.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан