Спорт

Теріскейлік параспортшылар әлем кубогінен жүлдемен оралды

Владимир Низавитин жарыс алаңына доданың бірінші күні шыққан. Алғашқы мүмкіндігінде жерлесіміз 115 келі зілтемірді ырқына көндіріпті. Ал қалған екі мүмкіндігі есепке алынбаған екен. Бірақ, бұл спортшының жүлде еншілеуіне еш кедергісін келтірмеген. Владимир күмісті қанжығаға байлады.

Владимир Низавитин – парапауэрлифтинг спортынан әлем кубогының күміс жүлдегері:

– Жарыс мен үшін қиынға соқты. Қатты толқыдым. Содан болар соңғы екі мүмкіндігімде зілтемірді ұстау және көтеру кезінде қателіктерге бой алдырдым. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыс жасап, сайыстарда қателік жібермеуге тарысамын.

Жарыстың келесі күнінде Александр Даськов есімді тағы бір жерлесіміз өнер көрсетті. Ол додада 72 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен. Көрсеткен нәтижесі жаман емес. Алтыннан алқа тағынбаса да ел қоржынын қоламен толықтырды.

Александр Даськов – парапауэрлифтинг спортынан әлем кубогінің қола жүлдегері:

 – Жарыс тек бір кезеңнен тұрды. Менің салмағымда, яғни, 72 келіде 6 спортшы сынға түсті. 3 мүмкіндігімнің барлығында сүрінбей, ел қоржынына қола жүлде салдым. Бұл нәтижеме өте қуаныштымын. Өздеріне сенімсіз, бойындағы кемшіліктерден қысылатын спортшыларға, ізбасарларыма айтарым бар. Мойымаңдар, еңбек етіп, алға қарай жылжыңдар! Адамның қолынан келмейтін нәрсе жоқ.

Қос жерлесіміз жүлде еншілеген жарыс мамырдың 6-сы мен 8-і аралығында Тайланд елінің Бангкок қаласында өтті. Байрақты бәсекеге 9 елден 60-қа жуық спортшы қатысқан.

Руслан Долобаев – парапауэрлифтингтен облыстың аға жаттықтырушысы:

– Ел намысын қорғауға 5 спортшы аттанған болатын. Қуанышымызға орай, барлығы да жүлдемен оралды. Спортшылар 1 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль еншіледі. Командалық есепте орын алмасақ та нәтижеміз көңіл қуантады. Біздің мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Үміт” спорт клубының мүшелері өте жақсы өнер көрсетті.

Аталған клуб мүшелері аптасына 5 рет жаттығу жасайды. Қазіргі таңда олар шілде айында өтетін ел біріншілігіне дайындалуда. Кейін спортшылар қарашаға жоспарланған әлем чемпионатына әзірленбек.

 

 

 

 

 

 

Алдияр Айтпаев