Қоғам

Петропавлда “Берекелі шаңырақ” отбасылар сайысы өтті

Ринат мен Мадина Шамшутдиновтер – өңірдегі үлгілі жас отбасылардың бірі. Ерлі-зайыптылар жергілікті университетте еңбектенген кезде танысқан екен. Әңгімелері бірден жарасып, көп ұзамай отау құрған. Қазір ұл мен қыз тәрбиелеуде. Ата-ана балаларының болашақта еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болуы үшін ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан құндылықтарды сіңіруде. Ол – үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсету дейді отағасы. Шамшутдиновтер әулетінің басты қағидасынан бөлек, отбасы мүшелері өздерінің жаңа дәстүрлерін ойлап табуда.

Ринат Шамшутдинов – қала тұрғыны:

– Менің ұлым 12 жаста. Ал қызымыздың туғанына 10 ай ғана болды. Бүлдіршінге қарап, үй шаруасын қатар алып жүру – келіншегімнің міндеті. Бірақ, бұл өте қиын. Сондықтан, ұлымызбен “анаға көмек” деген челленджді бастадық. Владимир екеуміз күнделікті үй жинау, ыдыс жуу сынды жұмыстарды атқарамыз. Осылайша, әйеліме қолғабыс етеміз.

Челлендж жайлы Шамшутдиновтер “Берекелі шаңырақ” байқауында да айтты. Дәстүрлі фестиваль Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени бірлестіктері мүшелерінің отбасылары арасында өткізілуде. Әдетте конкурс барлық облыс бойынша ұйымдастырылса, пандемияға байланысты биыл тек Петропавл тұрғындарымен шектеліпті.

Мария Татаренко – “Қоғамдық келісім” КММ бөлім жетекшісі:

– Конкурс барысында ерлі-зайыптылар өз жанұяларын таныстырып, отбасылық дәстүрлері жайлы әңгімелейді. Бос уақыттарын қалай өткізетіндіктерін де айтады. Кейін қатысушылар арасында интеллектуалды бәсеке ұйымдастырылады.

Байқауға қатысушылар үшін тренингтер де ұйымдастырылды. Спикерлер отбасыны сақтау мен бала тәрбиелеу турасында сөз қозғады. Жас жанұяларға бірнеше кеңес беріп, баталарын да арнады. Байқау соңында қатысушыларға тұрмысқа қажетті сыйлықтар тарту етілді.

 

 

 

Эльмира Садвокасова