Қоғам

Мамырдың 15-і – Халықаралық отбасы күні

Ажырасу қоғамның өзекті мәселесіне айналғалы қашан? Қит етсе болды, құжатын ұстап, сотқа жүгінетін жұптардың саны артып барады. Өкінішті, әрине. Мәселен, жыл басынан бері өңірдің өзінде 220-дан астам шаңырақ шайқалған. Ерлі-зайыптылардың басым бөлігі – петропавлдықтар.

Татьяна Горичева – СҚО әділет департаментінің бөлім басшысы:

 – Талдау нәтижесіне сүйенсек, көбіне 35 пен 40 жас аралығындағы жандар ажырасуға бел буады. 20-25 жастағылар да жиі осындай шешімге келеді. Былтыр ғана шаңырақ көтергендер биыл ара-қатынастарын үзіп жатады. Себебін сұраймыз. Көбі ішіндегісін ашып айтпайды. «Мінезіміз сәйкес келмеді» дей салады. Сонда да ойланулары үшін 1 ай береміз. Өкінішке қарай, бұл уақыт аралығында шешімдерін өзгертетіндер сирек кездеседі.

«Мінезіміз сәйкес келмеді». «Арада туындаған мәселені осы бір ауыз сөзбен шеше салу әдетке айналып барады»,- дейді мамандар. Бірақ, некені бұзу арқылы қиындық шешімін таппайды, керісінше күрделене түседі. Бұл – департамент өкілдерінің пікірі. Сонда шаңырақты шайқалтпай ұстау үшін не істеу қажет? Жауап қарапайым: кез келген жағдайға қарамай қос тарап бір-біріне түсіністік танытулары керек.

Мырзатай Қасымов – қала тұрғыны:

 – Бірінші күннен бастап бірін-бірі сыйлау керек. Әке-шешесін сыйласа екен. Сонда отбасы мықты болады.

Мырзатай Қасымұлының зайыбы Мәриям анамызбен неке қиғанына биыл тура 60 жыл толыпты. Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-жиендерін тәрбиелеп отыр. Отбасы құндылықтарын перзенттері мен келіндеріне үнемі айтып отырады екен.

Мәриям Қасымова – қала тұрғыны:

– Қызығын да, шыжығын да көрдік. Бірге ұрыссаң, онда адам болмайсың. Сыйласып, үндемей, кетіп отыру керек. Қазіргі жастар: “ә десе, мә дейді”.

Ал, Яворскийлер шаңырағының өзіндік заңдылықтары бар. Осы заңдылықтардың арқасында әулеттің бірде-бір перзенті 250 жылдан бері ажыраспаған екен. Отбасының берекесін сақтап отырудың құпиясы қандай?

Вера Яворская – қала тұрғыны:

 – Біздің әулетте ерлі-зайыптылар арасында қиындықтар туындап жатса, оны шешуге үлкендер көмектеседі, қолдау көрсетеді. Біздің көмегіміз жастарға керек. Бәрі соны түсіне бермейді. Кей ата-аналар: «өздерің шешіңдер» дей салады. Шын мәнісінде бұл немқұрайлылықтың салдары ажырасуға алып келеді.

Үйлену оңай, үй болу қиын. 85 жастағы зейнеткер жастарды кешірімді болуға шақырады. Себебі, отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтыны рас. Ал, дәм-тұзды жарастыру әр адамның өз қолында.

Маржан Касымбек