Мәдениет

Қуыршақ театрында “Бақыт туралы аңыз” спектаклінің премьерасы өтті

Қуыршақ театрының өнер ұжымы жиналған қауымға Черкес халқының өсиет әңгімелеріне негізделген «Бақыт туралы аңыз» спектаклін ұсынуда. Мұнда басты кейіпкер жанындағыларға өзінің әкесі айтып кеткен тарихи оқиғаны баяндайды. Әңгіме төрт түлігі сай, бақытты, бір сөзбен айтқанда шалқып өмір сүріп жатқан отбасы туралы. Алайда, арада біраз уақыт өткеннен кейін ұйып отырған жанұядан ақ киімді «бақыт» бейнесі кетпекші болады. Кетерінде отағасына: «Өзіңдегі бар дүниеңнің бірін таңда»,- деп талап қояды. Сол кезде ол жақындарымен ақылдасып, «намысты» таңдайтындарын айтады. Жауапты естіген “бақыт”: «Сендер намысты алып қалғыларың келді, демек , барлығы өздеріңде қалады. Өйткені, ақша, байлықтың бәрі уақытша. Намыс, ар-ұждан болса – мәңгілік»,- дейді. Жалпы, спектакль материалдық құндылықтардан гөрі рухани байлық құнды екенін көрсетеді.

Мейрам Сексенбаев – облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі:

– Режиссері – әлемге әйгілі, 5 алтын перденің иегері Чехиядағы Евгений Ибрагимов. Спектакльге дайындық онлайн форматта өтті. Сондықтан, бізге қиындау болды. Онлайн болғаннан кейін түсіндіріп, көрсету жағынан қиындықтар болды. Біздің спектакльдің ең басты ерекшелігі – 30 жылдың ішінде бірінші рет жанды оркестр ойнайды.

Қойылымда өнер ордасының барлық труппасы бой көрсетеді. Басты рөлді театрдың белді актері Сапар Мапенов сомдайды.

Сапар Мапенов – облыстық қуыршақ театрының актері:

– Қойылым өзге ұлттың аңыз әңгімелеріне негізделіп қойылып отыр. Айта кетерлігі, біздегі намыс сөзі черкес тілінде де намыс деп қолданылады. Негізі, осы қасиетке барлығымызды ата-аналарымыз бала кезден баулып келеді.

Жалпы, бүгінгі премьераға актерлер 4 айға жуық дайындалған. Шектеу шараларына байланысты дайындық жұмыстары онлайн өткендіктен, ұзақ уақыт кеткен екен. Облыстық қуыршақ театры ұжымының қойылымын тамашалауға өнер саласының жілігін шағып, майын ішкен тұлғалар да келіп отыр. Көрермен спектакльдің қойылуын жоғары бағалады.

Біржан Жалғасбаев – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры:

– Бірлік, татулық, достық, бақыт, байлық осы ұғымдардың барлығын ар-намысқа алып келген. Яғни, ұлттың ар-намысы болса, оның тілі де діні, салт-дәстүрі ғасырлар бойы атадан балаға ұрпақ сабақтастығы арқылы жалғасып кете береді деген сөз.

Бүгінгі шақырылған қонақтардың оң бағасын алған өнер ұжымы «Бақыт туралы аңыз» спектаклін балғындардың назарына ұсынбақ. Қойылым жас буынды рухани құндылықтарды бағалауға баулиды.

 

 

 

 

 

Алтынай Казиканова