ОКҚ брифингі

Мемлекеттік қызмет көрсетудің артықшылықтары

Мемлекеттік қызмет көрсету деңгейін жетілдіру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың және республика азаматтарының сенімін арттырудың маңызды бөлігі болып табылады. Қазіргі технология дамыған заманда мамандар халыққа дәстүрлі форматтан бөлек, электронды түрде де көмек көрсете алады. Бұл – өте ыңғайлы әрі тұрғындардың уақытын үнемдеуге септеседі. Мәселен, бүгінде жергілікті Ветеринариялық бақылау инспекциясы және оның аудандық бөлімшелері мемлекеттік қызметтің 3 түрін көрсетеді.

Марат Ибраев – ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті СҚО аумақтық инспекциясының басшысы:

– Осы жылдың басынан бастап бірінші тоқсанда 2867 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 657 қызметке артық. Негізгі үлес – 99,3%-ы «Экспортқа ветеринариялық сертификат беру» мемлекеттік қызметіне тиесілі. 0,7%-ы ветеринариялық бақылау объектілеріне ветеринариялық-санитариялық қорытындылар беру және өндіріс объектілеріне есептік нөмірлер беру жөніндегі қызметтерге тиесілі.

Халыққа жедел әрі сапалы қызмет көрсету үшін жұмыс барысына бірталай өзгеріс пен толықтырулар енгізілген. Мәселен, үстіміздегі жылдың басынан ветеринариялық-санитариялық қорытынды жасау және өндіріс объектілеріне есептік нөмірлер беру бойынша мемлекеттік қызметтерді бір өтініш негізінде алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұрын бұл қызмет 12 күнге созылатын. Бүгінде 6 тәулікке дейін қысқартылып отыр. Сондай-ақ, «Экспортқа ветеринариялық сертификат беру» мемлекеттік қызметін ұсыну мерзімі 3 жұмыс күнінен 2-ге дейін қысқарған.

Марат Ибраев – ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті СҚО аумақтық инспекциясының басшысы:

– Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын ішкі бақылау бойынша жұмыс ұйымдастырылды. Ағымдағы жылы жоспарға сәйкес, 6 ауданда тексеріс жүргізілді. 3 бұзушылық анықталды. 2020 жылы 14 бақылау іс-шарасы өткізілді. 3 Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті өкілінің қатысуымен өткен болатын. Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде 9 бұзушылық анықталды.

Енді ветеринарлық қызметтерге қатысты анықтама немесе консультация алу үшін азаматтар «AGROKOMEK» сервис орталығына жүгіне алады. Биылдыққа аталған жүйе арқылы 3 адамға қызмет көрсетілген.

Марат Ибраев – ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті СҚО аумақтық инспекциясының басшысы:

– Ағымдағы жылы қызмет алушылармен 4 кездесу өткізілді. Туындайтын мәселелерді, оның ішінде мемлекеттік қызметтерді ұсыну бойынша жедел шешу үшін «Атамекен» ҰҚП облыстық өкілдігімен бірлесіп «Телеграмм-арна» құрылды. Онда көрсетілетін қызметті алушылардың проблемалық мәселелер туралы хабарлауға, ұсыныстар енгізуге немесе шағым беруге мүмкіндігі бар.

Бұрын үй жануарларына қатысты тиісті лицензияны алу үшін бейінді басқармаға барып, өтінішті қолмен толтыру қажет болатын. Бұл бірталай уақытты алатыны жасырын емес. Ал қазіргі таңда бұл қызметті «Электрондық үкімет» порталы арқылы іске асыруға болады.

Берік Әлжанов – СҚО ветеринария басқармасының басшысы:

– Пандемия кезінде электрондық көрсетілетін қызметтерді алу жайлы жағдай жасау үшін басқармада өзін-өзі қызмет көрсету бұрышы ашылды. Ол қазіргі уақытта да жұмыс істеп жатыр. Бұл жерден электрондық цифрлық қолтаңбаңыз болса, «Электрондық үкімет» порталы арқылы кез келген мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға болады. EGOV өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы 2 қалалық ақпараттандыру сервисі жүйесінің мобильдік қосымшасына енгізілді.

Мамандардың сөзінше, өңір тұрғындары көбінесе ветеринарлық анықтама алуға жүгінеді екен. Осы күнге дейін 8 мыңнан астам қызмет түрі көрсетілген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылғыдан 800-ге көп.

 

Алтынай Казиканова