МТРА жаңалықтары

СҚО-да 2021-2030 жылдарға арналған қой шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленді

Қазіргі күні облысымызда 433 мыңнан аса Шопан ата төлі бар. Оның 60 мыңға жуығы жергілікті шаруашылықтарда өсіріліп жатыр. Мамандар бұл өте аз көрсеткіш дейді. Қой шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдар аралығына әзірленген бағдарлама аясында төртаяқтылардың басын 1,6 млн-ға жеткізу көзделген. Ол үшін қой өсіргісі келетін жандарға қаржылай көмек беру қажет. Сол себепті, жақында саланы дамытудың 3 механизмі қабылданды.

Марат Ысқақов – СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Кәсіпкерлер палатасының жанынан «Атамекен Қызылжар» шағын несие беру ұйымы құрылды, одан бөлек кәсіп бастаймын дегендерге ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 6 пайызбен 7 және 18 жыл аралығында несие береді. Сондай-ақ, «Солтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы іскер жандарға 300 млн теңгеге дейін қарыз береді. Жалпы, биыл қой шаруашылығын дамытуға аталған несие ұйымдарынан 2,5 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған.

Қой шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында өңірде асыл тұқымды мал басын көбейту көзделген. Яғни, жоспар бойынша қазақтың Еділбайын өсіруге басымдық беріліп отыр. Қазіргі күні Шопан ата төлінің дәл осы түрін баптаумен аймақта 4 кәсіпорын айналысады екен.

Марат Ысқақов – СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Жамбыл, Тайынша, Уәлиханов пен Шал ақын аудандарындағы кәсіпкерлер бұрыннан бері Еділбай тұқымын өсірумен айналысып келеді. Шаруашылықтардың барлығында жалпы саны 5 мың қой бар. Алдағы уақытта бұл кәсіпорындар шағын бизнес өкілдеріне қолдау көрсетеді. Яғни, оларға қой сатады. Осылайша кез келген адам алысқа бармай-ақ, өз облысымыздан асыл тұқымды мал төлін ала алады.

Бұл қой өсіргісі келетін жас кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік дейді мамандар. Аталған бастамаға «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан өткен жандардың да қатысуға мүмкіндіктері бар. Бүгіннің өзінде Қызылжар мен Ақжар ауданындағы 2 кәсіпорын 660 бас қой сатып алу үшін ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 33 млн теңге көлемінде несие алыпты. Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2030 жылдарға арналған қой шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында биыл 28 мың мал сатып алу көзделген. Сонымен қатар, Жамбыл мен Тайынша аудандарында 5 мың басқа арналған 2 қой бордақылау алаңын құру жоспарда бар.

 

 

Бердимурат Баймухан