Мәдениет

Облыстық кітапхана қоры жаңа туындылармен толықты

Бұл жолғы көрменің өзгелерден ерекшелігі бар. Мұндағы түрлі-түсті мұқабалардың өзі бірден көз тартады. Келушілерді заманауи стильде әрленген туындылардың сырты ғана емес, ішінде жазылған құнды ақпараттары да қызықтырмай қоймайды.

Қайыржан Мәлікова – С.Мұқанов атындағы ОҒӘК бөлім жетекшісі:

– Осы жолғы көрменің ерекшелігі көркем әдебиет көп түсті. Қоғамдық-тарихи, саяси, өнер, медицина, психология, бизнес салаларының кітаптары бар. Бұл кітаптардың басым бөлігі бюджет қаражатынан алынған және сыйға берілгендері бар.

Кітаптар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған. Су жаңа туындыларға тек қала тұрғындары ғана емес, кітапхана ұжымы да қызығушылық танытып үлгерген екен.

Ләззат Жолаушинова – С.Мұқанов атындағы ОҒӘК бас кітапханашысы:

– Кітапханашы болғандықтан кітап оқығанды жақсы көремін. Шетел детективі ұнайды. Агата Кристидің жаңа басылып шыққан кітабын көрдім.

«Кітап – білім бұлағы» деп бекер айтпаса керек. Жақсы кітап рухани азық әрі алға жылжуға мотивация береді. Мамандардың айтуынша, коронавирус басталғалы бері ынталандыру бағытында жазылған туындыларға сұраныс артқан. Қиын кезде адамдардың басым бөлігі туындаған мәселелердің шешімін осындай шығармалардан табуға тырысатын көрінеді. Сондықтан, кітапхана ұжымы бұл жолы мотивациялық кітаптарды көптеп әкелген екен.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Көрменің тағы бір ерекшелігі мұнда COVID-19 жайлы жазылған кітаптар да бар. Солардың бірі – менің қолымда. Туындының авторы – Ирина Якутенко. Ресейлік жазушы вирус тап берген шақта орын алған қиындықтар жайлы жазыпты. Аурудың қаншалықты қауіпті екендігі және қалай қорғану керектігі де баяндалған.

Бұл кітапта жазылған мәліметтер әлі күнге дейін өзінің актуалдылығын жойған жоқ. Алып оқуға болады. Көрменің төрінде тау тұлғалар жайлы баяндалатын жинақтар да тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы – “Қызмет хроникасы”, Қасым-Жомарт Тоқаев жайында “Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу” еңбектері. Қос шығармада еліміз үшін маңызды жалпыұлттық іс-шаралар, халықаралық жиындар, мақалалар мен сұхбаттар жазылған.

Қайыржан Мәлікова – С.Мұқанов атындағы ОҒӘК бөлім жетекшісі:

– Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында жазылған 20 кітап келіп түсті. “Өнер тарихы” және “Әдебиет теориясы” 4 томдық антологиясы бар.

Бүгін паш етілген кітаптар ертең кітапханадағы бөлімдерге жөнелтіледі. Солтүстікқазақстандықтар өздері қалаған туындыларды сол жерлерден таба алады.

 

 

 

Маржан Касымбек