МТРА жаңалықтары

Қазақстан жері сатылмайды және шетелдіктерге жалға берілмейді

Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдіктерге ауылшаруашылық жерлерін сатуға және жалға беруге тыйым салатын заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Жаңа заңға сәйкес, ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ, қандастарға жеке меншікке және жалға беруге тыйым салынады. Осылайша, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану құқығы тек қана Қазақстан азаматтарына және шетелдік қатысуы жоқ заңды тұлғаларға беріледі. Еске сала кетейік, ақпан айында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-ші отырысында мемлекет басшысы шетелдіктерге жерді сатуға заң жүзінде біржола тыйым салынатынын мәлімдеген еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет.

Дана Ешкенова