Мәдениет

Өнер саласы – тәуелсіздік жылдарында

Әр мерекеде – концерт, демалыс күндері – аудан мен көрші облыстарға гастрольдік сапарлар. 1991 жылға дейін облыстық филармония сахнасында түрлі бағыттағы 10-ға жуық ұжым өнер көрсетіпті. Дегенмен, еліміз тәуелсіз мемлекет болып бөлініп шыққанда жағдай өзгерді. Ел экономикасы қиындыққа тап болып, өндіріс тоқтап жатқанда мәдениет саласының қызметкерлері де жұмыссыз қалды.

Рашит Султанов – Ақан сері атындағы облыстық филармониясы джаз және эстрада музыка оркестрінің әртісі:

– 90-шы жылдар қиын кездер еді. Күнкөрістің қамымен филармонияда еңбектенген жандардың басым бөлігі басқа салаға кетті. Талай талантты жас Ресейге қоныс аударды. Қалғандары үйірме ашып, азын-аулақ табыс тапты. Филармонияда тек “Красный Яр” ансамблі ғана өнер көрсетті.

Өңірдің өнер саласында мүлгіген тыныштық орнады. Ән мен биді тек мемлекеттік мерекелерде ғана естіп-көруге болатын. Ел экономикасы мен өзге салалар 2000-шы жылға қарай қалыпқа келе бастады. Мәдениет саласының да өз арнасына қайта келуіне 10 жылдай уақыт кетті. Осыған дейін жүздеген адамды жинайтын концерттік залдар көрермендеріне есігін қайта айқара ашты. Сол кезде облыстық филармонияға музыкант Рашит Султанов жетекшілік етті.

Рашит Султанов – Ақан сері атындағы облыстық филармониясы джаз және эстрада музыка оркестрінің әртісі:

– Маған керемет музыканттар Геннадий Брюханов пен Марат Жакупов келіп, филармониядан екі өнер ұжымын құру туралы ұсыныс жасады. Қазақ ұлттық аспаптарының ансамблі мен джаз музыкасының оркестрі. Үшеуіміз осы екі топқа өнерпаздарды шақыруға кірістік. Көп ұзамай алғашқы концертті өткіздік. Музыкалық кеш өте сәтті шықты. 10 жылдың ішінде халықтың өнерді әбден сағынғанын түсіндік.

Мәдениет басқармасынан тиісті қаражат бөлініп, жаңа әртістер жұмысқа алынды. Оркестр мен ансамбльдер бірінен соң бірі құрылып, жеке әншілер де бой көрсете бастады. Өнерсүйер қауым үшін қуанышты жаңалық легі мұнымен бітпеді.

Біржан Жалғасбаев – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры:

– Елбасы 2000 жылы “Мәдениетті қолдау” жылы деп жариялады. СҚО-да қазақ театрын ашу керек болды. Алғашқы жарты жыл Н.Погодин атындағы орыс драма театрында болдық. Сонда репетициямызды жүргіздік. Алғашқы спектакліміз – М.Әуезовтің “Қарагөз” трагедиясы.

Қазақ театрына арналған нысандағы күрделі жөндеу жұмыстары жарты жылда аяқталған екен. Ғимаратты қалыпқа келтіруге жергілікті кәсіпкерлер көмек көрсеткен екен. Ал 2000 жылдың 15 маусымында солтүстікқазақстандықтар дүбірлі тойдың куәсі болды. Елбасы Н.Назарбаевтің қатысуымен Петропавлда С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының таспасы қиылды.

Біржан Жалғасбаев – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры:

–  Сол кездегі халықтың ықыласы керемет болды. Петропавлда қазақ театры 30-шы жылдары болыпты. Алайда, сол кездегі Кеңес үкіметінің бұрмалаң саясаты кесірінен 1,5 жылдай ғана жұмыс істеп, театр жан-жаққа таратылды. Араға 70 жыл салып қазақ театрының қайта ашылуы халыққа рухани серпіліс берді.

Бүгінде қызылжарлық қазақ театрын қазақстандықтар ғана емес, шетелдік өнерсүйер қауым да жақсы біледі. Қара шаңырақтың спектакльдері 10-ға жуық республикалық, халықаралық фестивальдерде үздіктер қатарынан көрінді. 21 жылдың ішінде жеткен жетістіктерді бір жіпке тізе беруге болады. Бұл тек басы ғана дейді актерлер…

 

Эльмира Садвокасова