Қоғам

Мұсылман қауымы ертең қасиетті Ораза айт мерекесін атап өтеді

Бүгін – Рамазан айының соңғы күні. Бұл дегеніміз – ертең Ораза айт мерекесі. Отыз күн ас пен нәпсіден тиылған мұсылмандар қастерлі мейрамда бір-бірінің үйін аралап, айт шайін ішеді, арқа-жарқа болады. Реніштері болса кешірім сұрасып, татуласады. Алайда, ең алдымен таң атысымен мешіттерде айт намазын оқиды, 5 парыздың бірін орындағандарына шүкіршілік етеді. Бірақ, биыл бұл діни үрдіс өзгеше тәртіпте өткізілмек.

Кенжетай қажы Байкемелұлы – “Қызылжар” облыстық орталық мешітінің бас имамы:

– Санитарлық талаптарға сай биыл айт намазы мешіт аулаларында оқылады. Қызылжар өңірінде намаз таңғы 7 жарымға белгіленіп отыр. Келген кісілер мүмкіндігінше жайнамаздарын, дәреттерін үйден алып келсе екен дейміз. Сондай-ақ, науқас жандар, балиғат жасынан аспаған балалардың келмегені абзал.

Мұсылмандардың екі үлкен мерекесі, қуанышы бар. Біреуі – Құрбан, ал екіншісі – Ораза айт. Алғашқысында бастың амандығы, деннің саулығы үшін мал сойылады. Ал ертеңгі мейрамда ағайын шарапаты мол шаруамен айналысады, мұқтаж жандарға жәрдемдеседі.

Кенжетай қажы Байкемелұлы – “Қызылжар” облыстық орталық мешітінің бас имамы:

– Рамазан айында көптеген игі шаралар ұйымдастырдық. Мысалы, көпбалалы отбасыларға “Рамазанның сыйы” акциясы қарсаңында азық-түлік тараттық. Әлбетте, айт кезінде де жетім-жесірлерге, көпбалалы отбасыларға арнайы сыйлықтарымыз бар.

Ораза айтынан кейін, нақтырақ айтсақ, 70 күннен соң мұсылмандар Құрбан айт мерекесін тойлайды. Биыл бұл діни мейрам шілденің 20-сы мен 22-сі аралығында аталып өтілмек.

 

 

 

 

Алдияр Айтпаев