Денсаулық сақтау

Емдеу мекемелерінде пациенттерді қолдау және ішкі бақылау қызметі жұмыс істеуде

Көрсетілген медициналық қызметке көңіл толмаса, ақхалатты маман дөрекі сөйлессе немесе өзге де көңілге қаяу түсіретін жағдай туындаса пациенттерді қолдау және ішкі бақылау қызметіне жүгінуге болады. Мұндай қызмет қазіргі уақытта әр емдеу мекемесінде құрылуы тиіс екен. Қызылжар аудандық ауруханасында ішкі бақылау жүйесі өткен жылы іске қосылды. Тіпті, арнайы кабинет қарастырылған, мұнда 2 маман еңбек етеді.

Жанар Кәкімова – Қызылжар аудандық ауруханасы бас дәрігері орынбасарының міндетін атқарушы:

– Өткен жылы тұрғындардан 69 өтініш келіп түсті. Оның 44-і ауызша болса, 25-і – жазбаша түрде. Үстіміздегі жылдың 1-ші тоқсанында 25 өтінім қарастырылды. Негізінен, олардың барлығы мазмұны бойынша бір-біріне ұқсас. Көбінесе науқастар тар бейінді мамандардың жетіспеушілігіне шағымданады. Сондай-ақ, кейбір жүкті әйелдер қабылдауға келген кезде МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандарын біліп жатады. Осы орай айтарым, аталған жүйедегі мәртебені алдын ала анықтап алған жөн.

Белгілі бір емдеу мекемесіне қатысты мәселе сол жерде шешімін табуы тиіс. Түйткіл түйіні тарқамаса, сол мәселені арқалап келген азамат облыстық денсаулық сақтау басқармасына немесе медициналық сақтандыру қорына жүгіне алады.

Қарлығаш Ілиясова – «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалы бөлім басшысы:

– МӘМС қорының 1406 дейтін нөмірі халыққа тәулік бойы қызмет көрсетеді. Арыз-шағымдарыңызбен сонда хабарласуға болады. Немесе “Қолдау” 24/7 мобильдік қосымша арқылы өтініштеріңізді қалдыра аласыздар.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде 2020 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толыққанды іске қосылды. Содан бері қор қарқынды жұмыс істеп келеді. Жаңадан енгізілген жүйенің арқасында бүгінде тұрғындар қымбат диагностикалық қызмет түрлерін тегін ала алады. Әрине, егер адам сақтандырылған болса. Бүгінде солтүстікқазақстандықтардың 82,2 пайызы жүйеде сақтандырылыпты. Мәртебені анықтау үшін Әлеуметтік сақтандыру қорының сайтына немесе eGov.kz порталына кіру қажет.

 

 

Дана Ешкенова