COVID-19: Қазақстан

Өңірде «Ashyq» қосымшасы бойынша 29 нысанға QR-код берілді

Бүгінде өңірде 29 кәсіпкер «Ashyq» жобасына қатысуға өтінім берген.

Олардың арасында фитнес-клубтар, бассейндер, сауналар, мәдениет және қоғамдық тамақтану орындары, компьютерлік және бильярд клубтары бар. Енді «Ashyq» қосымшасын орнатқан бизнес субъектілері шектеу шараларына қарамастан, тіпті, қатаң карантин енгізілгеннің өзінде жұмыс істей алады. Яғни жаңа жобаға қосылған нысандардың кіреберісінде QR-код белгісі ілініп тұрады. Әрбір келуші өзінің мәртебесін анықтау үшін қосымшаның көмегімен оны сканерлеп, тіркеуден өтеді. Егер “қызыл” түс шықса – адам вирус жұқтырған деген сөз. Ал “сары” түс шықса – тәжді вирус жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болған. “Жасыл” және “көк” түстер – адамның ковид-19 инфекциясынан ада екенін білдіреді.

Жеңіс Қазиев – СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– «Ashyq» қосымшасына қосылу мақсатындағы өтінімдер infokazakhstan.kz сайты арқылы беріледі. Кинотеатрлар, қоғамдық тамақтану нысандары, қосымша білім беру ұйымдары өтінімдерді салалық қауымдастық арқылы қабылдайды. Жалпы, жергілікті іскер жандар қосымша жөнінде барлық ақпаратты кәсіпкерлер палатасынан ала алады.

 

Дана Ешкенова