Әр түрлі

Таулы Қарабақтағы қақтығысқа бітімгерлік миссиямен 30 солтүстікқазақстандық қатысқан

80-ші жылдардың екінші жартысында Таулы Қарабақта орын алған этносааралық қақтығысқа бітімгерлік миссиямен 30 солтүстікқазақстандық қатысқан. Олар әзірбайжандар мен армяндар арасында болған дауда тұрғындарды бірлікке шақырып, тұрақтылық орнатқан. Бітімгерлік миссиясына қосқан елеулі үлестері үшін былтыр осы азаматтар “Басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері” болып танылды.

 

Таулы Қарабақтағы қақтығыс 1987 жылы басталды. Бұл Кеңес үкіметінің тарап жатқан уақыты еді. Әр мемлекет өзіне тиесілі аумақты сақтап, шекарасын бекітіп алуға тырысты. Дәл осы уақытта Әзірбайжан елінің Қарабақ жерінде түркітілдес бауырларымыз бен армяндар тұрып жатты. Бөліске келген кезде екі жақ арасында дау туындайды. Себебі, армяндар саны жағынан басым болғандықтан бүтін бір округті өз иеліктерінде қалдырғысы келеді.

Нұрлан Рақышев – 1988-1989 жылдардағы Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығыстарға қатысушы:

– Екі ұлттың арасында жер үшін шайқас басталды. Таулы Қарабақ автономиялық огруг болса да ол – Әзірбайжанның жері. Ал тұрғындардың 80 пайызын армяндар құрайтын. Сол кезде олар Арменияға қосыламыз деп қақтығысты бастады.

Қақтығыс үлкен соғысқа ұласып кетпесі үшін қос тарапты бірлікке шақырып, халықты келісімге көндіру қажет болды. Сол үшін жан-жақтан бет алған әскери қызметкерлердің көбі шайқас қызған Степанакерт қаласына жөнелтіледі. Олардың арасында әскери борышын өтеуге аттанған солтүстікқазақстандық 30 сарбаз да бар. Жауынгерлердің міндеті – бітімгерлік миссиясын атқару.

Марат Ахметов – 1988-1989 жылдардағы Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығыстарға қатысушы:

– Тбилиси қаласында 3219 әскери бөліміне бірге түсіп, Отан алдындағы борышымызды өтедік. Сол кезде бізді қақтығыс болып жатқан елді мекендерге жіберді. Адам қаны төгілмес үшін сол жерде қызмет атқардық.

Бұл уақытта Таулы Қарабақтан бөлек, басқа да елді мекендерде көтерілістер орын алып, халық ірі шерулерге шығып жатыпты. Мәселен, Солтүстік Осетия, Абхазия мен Тбилисиде дүмпулер болған екен. Отан алдындағы 2 жылдық борышын өтеп жүрген солтүстікқазақстандық сарбаздар аталған аумақтардағы қақтығыстардың барлығына қатысқан. Сол кезде олардың жасы небәрі 18-де ғана болыпты.

Тоқтарбай Қарменов – 1988-1989 жылдардағы Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығыстарға қатысушы:

 

–  4-ші сәуірде Қарабақтан келіп, 5 күннен кейін Тбилисидегі көтеріліске кеттік. Шиеленіс 3-4 күнге созылды. Адамдар жарақат алып, зардап шекті. Балалар мен қарт адамдарға қиын болды.

Құнанбай Ыбыраев – 1988-1989 жылдардағы Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығыстарға қатысушы:

– Қақтығыс орын алған аумақтағы жағдайды сөзбен айтып жеткізу қиын. Көтерілісте неше түрлі оқиғалардың куәсі болдық. Жиналған адамдардың саны тым көп болғандықтан халық бір-бірін естімей, айналада не болып жатқанын байқамады. Шалынып құлап қалсаң, адамдар таптап өлтіріп кетеді. Ал, сарбаздарға тіпті қиын. Екі жақтан төнген әрі ашуға булыққан жұртты тоқтату мүмкін емес нәрсе.

Былтыр Қарабақтағы дау қайта ушығып, салдары әскери соғысқа әкеліп соқты. Бірақ, екі жақтың билігі тез арада келісімге келе алды. Осылайша, 33 жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселенің нүктесі қойылды. Бірлік түбі – береке. Осы бір асыл сөзді әр азамат біліп жүруі қажет дейді 88-89-шы жылдардағы қақтығыстарға қатысқан ардагерлер. Ауызбіршілігі мен достығы жарасқан елдің ғана болашағы жарқын болады. Сол себепті, өскелең ұрпақ уақыттарын тек білімге арнап, арандатушылардың сөзіне ермегендері жөн.

Марат Ахметов – 1988-1989 жылдардағы Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығыстарға қатысушы:

– Қазақстанның азаматтары бейбіт болулары қажет. Қазақтан шыққан ғалым басқа ұлттан да шығады. Екеуінің білімін араластыратын болсақ ертең еліміз дами түседі.

Тоқтарбай Қарменов – 1988-1989 жылдардағы Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығыстарға қатысушы:

– Бейбітшілік болсын. Қазір интернеттің дамыған заманы ғой. Жастарымыздың арасында түрлі ағымдарға еріп, Сирияға кетіп жатқандар бар. Өскелең ұрпақ үлкен кісілердің айтқандарын тыңдап, білім алсын. Қақтығыстардың барлығы іріткі салудан басталады. Ондайға ермеу керек.

Бүгін ардагерлер өздерімен бірге гүл шоқтарын ала келіпті. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің ескерткішіне гүл қойып, рухтарына тағзым етті.

Бердимурат Баймухан