Әр түрлі

Тыл еңбеккерлері құрметке бөленуде

Сұрапыл соғыстың тауқыметін тартқандар. Бүгінгі күні өңірімізде қиын-қыстау шақта тылда еңбек еткен 5600 адам тұрып жатыр. Солардың бірі – Ескендір Нұрымов. Зейнеткер небәрі 9 жасында колхозда жұмыс істеп, елдің ісіне ерте араласыпты. Қарияны Ұлы Жеңіс күні қарсаңында облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері мерекемен құттықтап, әлеуметтік қоржын табыс етті.

 

Жыл жылжыған сайын ҰОС майдангерлерімен қоса, тыл еңбеккерлерінің де саны азайып барады. Қиын-қыстау заманды көзімен көрген жандардың қатары сиреп жатқандығы өкінішті, әрине. Ал Ұлы Жеңістің 76 жылдығын қарсы алу бақыты нәсіп еткен ардагерлеріміз бүгінде мейірімге бөленуде.

Ескендір Нұрымов тылда тер төккен. Тыл еңбеккерін облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері үйіне келіп құттықтады. Азық-түлік салынған пакет табыс етті. Қонақтардың қошеметіне риза болған ағамыз төсбелгілері тағылған костюмі мен тақиясын киіп, балалық шақтың естеліктерімен бөлісті. Сұрапыл соғыс басталған кезде Ескендір Қасенұлы небәрі 9 жаста болыпты. Талай жыл өтсе де бастан кешірген әр оқиға жадынан шықпапты.

Ескендір Нұрымов – тыл еңбеккері:

– Балалық шағым Булаев ауданы Чапаев колхозында өтті.  Ауылымыз өзі кішкентай. Бір күнде 8-9 азаматты алып кетті. Біздің үйден екеуі кетті. Егін егетін, жер жыртатын адам қалған жоқ.

Қару ұстауға жарамды ерлердің барлығы майданға кетті. Ауылда тек қарттар, әйелдер мен балалар ғана қалды. Қол қусырып отыруға болмайды. Колхоздың жұмысын қалай да тындыру керек.

Ескендір Нұрымов – тыл еңбеккері:


–  Менің бойым басқаларға қарағанда ұзын. Мақым, Қойбағар дегендер болды. Олардың бойы менен тапалдау. Келген бригадир мені көреді. «Ескендір, сен бүгін келсейші» деді. Жер жыртамыз.

Сиырды басқаруға шамасы жететін балалар жер жыртса, басқалары егін егумен айналысқан. Жасы да, кәрісі де тыным таппай, күндіз-түні еңбек етті. 4 жылдан кейін соғыс аяқталды. Біраз уақыт өткен соң Ескендір Қасенұлы бұрынғы Петропавл институтына оқу түседі. Метематика мұғалімі мамандығын меңгеріп, ұстаздық еңбек жолын бастаған.

Ескендір Нұрымов – тыл еңбеккері:


–  Анам екеуіміз 11 күн дегенде Баянға жеттік. 3 жыл істеп, одан соң Николаевкаға сұрандым. Онда 40 жыл математика пәнінің мұғалімі болып қызмет еттім.

Ескендір Қасенұлы зайыбымен бірге ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, бүгінде 8 немеренің сүйікті атасы атанып отыр. 9-шы мамырды өңірде Тәуелсіздік ұрпақтарымен бірге 5600 тыл еңбеккері қарсы алмақ.

Бейбіт Әбілев – облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Қала бойынша тылда істеген 25 ардагерге осындай әлеуметтік пакет тапсырудамыз. Азық-түлік сенбіліктен түскен қаражатқа алынып отыр.

Соғыс қиындығын көрген ардагерлерімізге әлеуметтік пакеттен бұрын, құрмет пен көңіл керек. Ашық аспан сыйлаған жандарды қашан да қошеметке бөлеп жүрейік.

Маржан Қасымбек