Ауыл шаруашылығыӘр түрлі

Петропавл мен Сергеев су қоймаларына шабақ жіберіліп жатыр

Петропавл балық питомнигінде 44 млн-нан аса шабақ бар. Қазіргі күні мамандар уылдырықтан босап шыққан тіршілік иелерін өңірдегі өзен-көлдерге жіберіп жатыр. Бүгін шабақтар табиғи ортаға шығарылды. Яғни, олардың ары қарай өсіп-жетілулері үшін питомник қызметкерлері балықтарды Сергеев пен Петропавл су қоймаларына жөнелтті.

Бұл – сиг тұқымды балықтардың шабақтары. Олардың уылдырықтан босап шыққандарына небәрі 3 күн болыпты. Тіршілік иелері мұнда 6 айдан бері өсіріліп келеді. Күнделікті бақылау мен қажырлы еңбектің арқасында шабақтарды аман-есен табиғи ортаға жөнелтуге болады. Бірақ, алдымен оларды санап алу қажет.

Анастасия Молоткова – Петропавл балық питомнигі инкубациялық цехінің меңгерушісі:

– Бізге мына 10 литрлік легеннің ішінде қанша шабақ бар екенін білу қажет. Ол үшін алдымен тіршілік иелерін 100 мл-лік ыдысқа құйып санаймыз. Егер онда мың дана болса, 10 литрлік ыдыстағы шабақтардың саны 10 мыңды құрайды. Осылай қарапайым математикалық есептеу арқылы олардың жалпы санын анықтауға болады.

Инкубациялық орындағы шабақтардың жалпы саны қазір 44 млн-нан асады екен. Олардың басым бөлігі Сергеев су қоймасына жөнелтіледі. Ал қалған 10 млн данасы Петропавл су қоймасына құйылады. Ары қарай өзен-көлдерге жіберіледі.

Рустам Жаңабаев – Петропавл балық питомнигі директорының міндетін атқарушы:

– Сиг тұқымды балықтың түрлеріне ақ сақа, пелядь пен рипус кіреді. Яғни, біздің өңірде сиг тұқымды балықтардың осы 3 түрі тіршілік етеді. Биыл шабақтарды өсіру үшін республикалық бюджеттен 45 млн теңге бөлінді. Уылдырықты Ақмола мен өз аймағымыздағы су қоймаларынан алдық.

Сондай-ақ, мамандар қыркүйек айында тұқы балығының 1 млн данасын өңірдегі өзен-көлдерге жөнелтуді жоспарлап отыр.

Бердимурат Баймухан