COVID-19: Қазақстан

Өңірде шектеу шаралары тағы да жеңілдетілді

Өңірде толық иммундау шарасынан 22 мың адам өтті. Олардың барлығына ресейлік “Спутник V” препараты егілді. Отандық екпе кейінірек жеткізілгендіктен, солтүстікқазақстандықтар әзірге тек бірінші компонентін алып үлгерген. Ал, ертеңнен бастап тұрғындар Біріккен Араб Әмірліктерінде шығарылған “HayatVax” вакцинасын да ала алады.

Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты, сәуірдің 21-інен бері – облыс жасыл аймақта. Сондықтан, шектеу шаралары тағы да жеңілдетілді. Енді дүкендер, ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысына шектеу қойылмайды. Кәсіпкерлер аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат еңбектене алады.

Әсет Жұматаев – СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс жұмыс уақыты түнгі 2-ге дейін ұзартылды. Толымдығы 50 пайызға дейін, бірақ 50 орыннан артық емес. Боулингтер мен компьютерлік клубтардың толымдылығы 30 проценттан аспаса, жұмысына рұқсат етіледі.

Өңірдегі иммундау шарасының қарқыны да жаман емес. Бүгінге дейін 22 мың жерлесіміз толық вакциналаудан өткен. Олардың барлығына ресейлік “Спутник V” препараты егілді. Ал, отандық екпе кейінірек жеткізілгендіктен, солтүстікқазақстандықтар әзірге тек бірінші компонентін алып үлгерген. Жалпы, өңір бойынша иммундаудың алғашқы кезеңін барлығы 61 мың адам тәмамдаған.

Құмар Күсемісов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Бүгін өңірдегі емдеу мекемелеріне вакцинаның 3-ші түрі жеткізілді. Ол – Біріккен Араб Әмірліктерінде шығарылатын “HayatVax”. Емханаларда 13 мың доза бар. Екпені ертеңнен бастап алуға болады.

Вакцина алған жандардың коронавирусқа қарсы иммунитеті қалыптасатынын талай айттық. Бірақ, бұл екпенің беретін жалғыз “артықшылығы” емес. Егер өңірдегі ахуал өзгеріп, облыс “сары” не “қызыл” аймаққа кірсе де екі компонентті алған жерлестеріміз қашықтықтан жұмыс істеуге көшірілмейді. Сондай-ақ, иммундау шарасынан өткен азаматтарға ауруханаларға жоспарлы түрде жатқызу үшін ПТР тест тапсырудың қажеті жоқ. Әрі емін-еркін шетел асу мүмкіндігіне ие болмақ.

Эльмира Садвокасова