МТРА жаңалықтары

Ұлы Жеңіске – 76 жыл

Ұрпақтың бейбіт өмірі мен еркіндігі үшін күрескен жандар. Ұлы Отан соғысы жылдары майданға 70 мыңнан астам солтүстікқазақстандық аттанды. Фашистерге қарсы шайқастарда ержүрек жауынгерлердің басым бөлігі қаза тапты. Елге оралған теріскейлік ардагерлердің бүгінде 27-сінің көзі тірі. Николай Дёмин – қан майданда Отан үшін от кешкен жерлестеріміздің бірі. 95 жастағы майдангер мереке қарсаңында өз естеліктерімен бөлісті.

Николай Демин Киров зауытындағы жұмысынан шығып, 1 апта ішінде әскери оқуға жіберіледі. Николай Иванович суық қаруды небәрі 16 жасында Алматы қаласында қолына алған екен. Сонда 5 ай бойы дайындықтан өткен. Ал, 44-ші жылдың сәуірінде фронтқа, яғни, қан майданға аттанады.

Николай Демин – Ұлы Отан соғысының ардагері:

 

– Бізді вагонмен Великие Луки қаласына әкелді. Қирап қалған нысандарды көріп, соғыстың не екенін түсіне бастадық. Бәріміз жаспыз. Бойымызды қорқыныш билеп тұрса да бір-бірімізге білдірмеуге тырысамыз. Себебі, фашистерді жеңу үшін бізге үрейдің не екенін ұмыту керек болды. Қалада кешке дейін болдық та, қас қарая жолға шықтық.

Жауынгерлер күндіз қираған үйлер мен тау-тастың арасына жасырыныпты. Майданға жету үшін тек түнде ғана жүрген екен. Себебі, фашистер байқап қалса, самолетпен келіп, сарбаздардың үстінен бомба тастауы мүмкін. Біраз уақыт өткен соң Кеңес әскерлері Литваның Шяуляй қаласына жетеді. Шаһарды жаудан азат ету барысында снаряд жарылып, Николай Демин ауыр жарақат алады.

Николай Демин – Ұлы Отан соғысының ардагері:

 

– Оң қолым жұмыс істемей, өз-өзіме бағынбай қалды. Бір сәтте айналаның астан-кестеңі шықты. Автоматты сол қолыма ұстап, жолдастарымды іздеп, жүгіре бастадым. Қарасам, лейтенанттың басы жарылып, қан ағып жатыр екен. Не істерімді білмедім. Мені старшина байқап қалып, автоматты алды да өзімді госпитальға жіберді.

Николай Демин ауруханада ұзақ жата алмапты. Аз уақыттың ішінде туғанындай болып кеткен қаруластарының қатарына қосылып, жауға қарсы күресу үшін фронтқа қайта сұранады. Бұл жолы жерлесіміз танк әскерлері қатарына ауыстырылып, Литваның өзге қалаларын босатуға қатысады.

–  Прибежал командир. Победа, Победа!

Маржан Қасымбек – тілші:


– Биыл Кеңес әскерлерінің фашистерді жермен-жексен еткеніне – 76 жыл. Уақыт өткен сайын ҰОС ардагерлерінің қатары сиреп барады. Бүгінде өңірде 27 майдангердің көзі тірі. 22-сі қалада тұрса, қалғандары – Қызылжар, Есіл, Мамлют пен Тайынша аудандарында. Олардың ең жасы 95 жаста болса, үлкені биыл 101-ге толады екен.

Маржан Қасымбек