Спорт

“Qyzyljar” ФК алматылық “Kairat”-пен тең түсті

Петропавлдық “Qyzyljar” футбол клубы алматылық “Kairat”-пен тең түсті. Бұл ойын кеше “Қарасай” стадионында өтті.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жергілікті жігіттерді қолдаған жанкүйерлердің қарасы қалың болды. Олар матч бойы қызу қолдау көрсетті. Алайда, кездесудің 28-ші минутында қонақтар есеп ашып, жиылған қауымды бір күрсінтіп тастады. Дегенмен, жеңіс азулы алматылықтарға бұйырмады. 78-минутта теріскейліктер есепті теңестіре алды. Дәлірек айтсақ, команданың сұрмергені Әлібек Қасым бұрыштамадан асырылған допты қақпаға тура бағыттап, торда тулатты. Осылайша, қоржынға 1 ұпай түсті. Қазір жерлестеріміз 8 ойыннан кейін 14 ұпаймен турнирлік кестенің 5-ші сатысында тұр. “Qyzyljar” футбол клубы келесі кездесуді сырт алаңда түркістандық “Turan” құрамасына қарсы өткізеді. Матч мамырдың 9-ына белгіленіп отыр.

Алдияр Айтпаев