Әр түрлі

И.Шухов атындағы кітапханада ардагерлермен кездесу ұйымдастырылды

Бүгін И.Шухов атындағы қалалық кітапханада 9-мамыр – Ұлы Жеңіс күніне арналған іс-шара ұйымдастырылды. Жиынға ардагерлер қатысты. Алдыңғы толқын / ұрпаққа бастан кешкен оқиғаларын айтып берді.

 

Осыдан 76 жыл бұрынғы атыс-шабыс, қан-төгіс дүйім жұрттың есінде мәңгіге сақталады. Сұрапыл соғыстың салдарынан бірнеше отбасы асыраушысынан айырылып, қара жамылды. Қыршыннан қиылған жастар қаншама? «Сұмдық оқиғаның өткеніне бірнеше жыл болса да әр сәт есімде»,- дейді Василий Макиенко. Ардагер 17 жасында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған. Әкесі – 37-ші, ал өзі 44-ші қосалқы атқыштар полкінде болыпты. Бұрын-соңды қару ұстамаған азамат майдан шебінде қиындықты бастан кешіргенін айтады.

Василий Макиенко – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Мені 44-жылдың басында Беларусь еліне жіберді. Ол жақта 142-ші атқыштар полкіне лектім. Бұл кезеңде кеңестік әскер күшейіп, немістерді жеңе бастаған болатын. Ал соғысты Кенинсбергте аяқтадық. Жалпы, Кеңес әскерінің құрамында түрлі ұлт өкілдері болды. Соған қарамастан барлығы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жауды тізе бүктірді. Осындай нәтижеге бірлік пен татулықтың арқасында қол жеткіздік деп білемін.

Бүгінде қария 96 жаста. Майдандағы оқиғалардың барлығын қорқынышты түсіндей еске алып отыр. Бірақ, енді барлығы артта қалды. Алайда, Ұлы Отан соғысы енді алыстай түскенде Ауғанстанда әскери қимылдар орын ала бастады. Евгений Щербак әскерге 83-ші жылы аттанып, көп кешікпей ұрыс қимылдарына жіберіліпті.

Евгений Щербак – Ауғанстандағы әскери қимылдардың қатысушысы:

– 1984 жылдың көктемінде жалпыәскери «Панджшир» қимылдары басталды. Біздің 682-ші полкіміз бұл операцияға алғашқылардың бірі болып кірді. 1984-жылдың 30-шы сәуірінде ұрыстың қиын кезі басталды. Қарсы жақтың қаруы да, күші де бізге қарағанда әлдеқайда мықтырақ болғаны рас.

Бүгін Евгений Щербакқа қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин «Панджшир қимылдарына қатысқаны үшін» естелік белгісін табыс етті.

Жалпы, бүгінгі шара 9-мамыр ұлы Жеңіс күніне орай ұйымдастырылып отыр. Оған қаладағы ардагерлер мен жастар шақыртылған. Осы ретте қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин: «Біз Ұлы Отан соғысын ешқашан ұмытпауымыз керек»,-дейді.

Жангелді Тәжин – қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Ұлы Отан соғысының жеңісінің арқасында біз тәуелсіздікке қол жеткіздік. Еліміздің 30 жылдығын атап өтпекшіміз. Егер осындай Ұлы жеңіс болмаса, біздің мемлекетіміздің болашағы қандай боларын кім білмек. Сондықтан, біз жас ұрпақтың бойына Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне деген құрметті оятуымыз керек.

Жиын барысында келушілердің назарына қаладағы ардагерлердің фотосуреттері көрме ретінде ұсынылды.

Алтынай Қазиқан