Экология

Бескөл ауылының тұрғындары нәжіс төгетін орынды жабуды сұрайды

Жұртшылық жағымсыз иіске шағымдануда. Бескөлдік ағайын ауылдың жанында орналасқан нәжіс төгетін орынды жабуды сұрайды. Сөздерінше, бүгінде төгілген арам судан аумақта қолқаны қабатын иіс тұр. Әрі сұйықтықтан іргелес орналасқан көлдегі балықтар да зардап шегіп жатқан көрінеді. Тұрғындардың жан айқайын оқиға орнына арнайы барған «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері тыңдады.

Бердімұрат Баймұқан – тілші:


– Саяжай ықшам ауданының маңында орналасқан нәжіс төгетін шұңқырды жапсын деп жергілікті билікке тұрғындар 5 жылдан бері шағымданып келеді екен. Қолқаны қапқан қоламса иістен болашақта балаларымыз ауырып қала ма деп қауіптенетін көрінеді. Ал жел соққанда көтерілетін шаң-тозаңнан күндіз, тіпті, тұншығамыз дейді. Жергілікті билік болса, бұл жөнінде ешқандай шара қолданбай отыр.

–  Судың бәрін ауыл маңына әкеліп төгіп жатыр. Талай рет жаздық, түк нәтиже шықпады. Жиналыс та болды. “Әкімдіктегілер облыстық бюджетте ақша жоқ”,- деді де кетті. Бірақ, қоқыс төгетін орынды жапқыздық.


–  Көлшік жаққа үйіміздің алдынан күнде ауыр техника қатынайды. Таңертеңнен кешке дейін шаң. Көшеде жүру мүмкін емес.

“Мүңкіген иіс далаға жайып қойған киімдерге де сіңіп қалады. Жуған затты үйге кіргізбестен бұрын қайтадан шайып алу қажет”,- дейді жұрт. Осының бәрінен әбден мезі болған халық жан айқайын әлеуметтік желіде жарыса жазыпты. Мәселенің мән-жайын анықтамақшы болып бұл жерге «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері келді. Көріп тұрғандарыңыздай, мұнда ассенизатор көліктері үздіксіз келіп, нәжіс төгіп жатыр. Тіпті, ары қарай жүрмей, сұйықтықты жолдан асыра құя салуда. “Олар адамдардан бөлек, табиғатқа да залал келтіруде”,- дейді мамандар. Өйткені, дәл көлшікке қарама-қарсы жерде су айдыны бар екен. Соған нәжіс ағып жатқан көрінеді. Салдарынан балықтар зардап шегуде.

Руслан Асаубаев – «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа-орталық» РҚБ СҚОФ басшысы:

– Бескөл ауылына осымен 2-ші рет келіп отырмыз. Мұнда 2019 жылы тұрғындардың арыз-шағымдары бойынша болып қайтқанбыз. Сол уақыттан бері әлі күнге дейін осында арам су төгіліп жатыр. Олардың бәрі балығы бар су айдынына құйылуда. Яғни, табиғатқа зиян келіп жатқанын анық байқауға болады. Осы жөнінде біз жақында облыстық экология департаментіне хат жолдадық.

Экологтар оқиға орнына келді, олар мұнда арнайы тексеріс жүргізу қажет дейді. Мамандар 2019-шы жылы жергілікті әкімдікке хат жолдаған екен. 2 жыл бұрын басшылық табиғат жанашырларына Бескөл маңында нәжіс төгетін рұқсат етілген орын жоқ депті. Яғни, ассенизаторлар заңсыз төгуде. Бір қызығы, жергілікті атқарушы орган оларды жауапқа тартуға міндетті емес екен. Экологтар мән-жайды сұрамақшы болып Бескөл ауылдық округінің әкіміне де хабарласты. Ал атқамінер қолы бос еместігін айтып, жағдайды түсіндіруден, сұхбат беруден бас тартты.

Бердімұрат Баймұқан