COVID-19: Қазақстан

Университет қызметкерлері мен студенттер иммундау шарасынан өтуде

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің денсаулық сақтау пунктінде егу қосыны ашылды. Мұнда білім ордасының қызметкерлері мен студенттері / инфекцияға қарсы вакцина қабылдайтын болады. Иммундау шарасының алғашқы күні 80-ге жуық адам екпе салғызды. Көптің арасында университеттің ректоры-басқарма төрағасы Ерлан Шуланов та болды.

Сағат таңғы 9. Жергілікті университеттің денсаулық сақтау пунктіне білім ордасында қызмет ететін ұстаздар біртіндеп жиналып жатыр. Олардың барлығы иммундау шарасына қатыспақ. Ерте келгендердің арасында Практикалық қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі Татьяна Ахметова да бар. Маманның сөзінше, осыдан бір жұма бұрын университетте өз еркімен вакцина салдыртатын жандардың тізімі құрылыпты. Сонда оқытушы көп ойланбастан ниет танытып, қатарға қосылған екен.

Татьяна Ахметова – М.Қозыбаев атындағы СҚУ практикалық қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі:

– Мен өз еркіммен иммундау шарасына қатысып отырмын. Жалпы, әрбір адам өзінің денсаулығы үшін және өзінің жақындары үшін жауапты болуы керек. Таныстарым, туысқандарымның көбі вакцинациядан өтті. Ешкімнен кері әсер байқалмады. Сондықтан, осындай шешім қабылдап, екпе алуға қатысып отырмын”.

Көп кешікпей екпе егу бөлмесіне университет ректоры Ерлан Шуланов кірді. Әріптестері ресейлік “Спутник-V”-ді салдырса, ол отандық “QazVac” вакцинасын таңдады.

Ерлан Шуланов – М.Қозыбаев атындағы СҚУ ректоры-басқарма төрағасы:

– Біздің отандық вакцина өзгелерінен кем емес. Тіпті, кейбір баламаларынан да жақсы. Мен әрдайым отандық өнімді таңдаймын.

Бүгінде жергілікті жоғары оқу орнында мыңнан астам маман қызмет етеді. Ал студенттердің саны 7,5 мыңды құрайды. Қызметкерлер мен білім алушыларға ыңғайлы болуы үшін бүгін университеттің 10-шы корпусында орналасқан денсаулық сақтау пунктінде қосымша екпе егу қосыны ашылып отыр. Енді мұнда кез келген педагог пен жас өзінің бос уақытына қарай иммундау шарасынан өте алады. Алысқа барудың қажеті жоқ. Қосында вакциналаудың алғашқы күнінде-ақ 80-ге жуық адам екпе салдыртпақ.

Салтанат Сақтағанова – М.Қозыбаев атындағы СҚУ денсаулық сақтау пунктінің меңгерушісі:

– Иммундау шарасын қалалық №3 емхананың қызметкерлері жүргізеді. Педагогтар мен студенттер 2 түрлі вакцинаның 1-ін таңдай алады. Оқытушылар мен студенттер иммундау шарасына белсенді қатысады деген ойдамын. Бүгін 78 адам екпе салдыртпақ. Оның 10-нан астамы – білім алушылар. Қалғандары – университет қызметкерлері мен ұстаздар.

Айта кетейк, жергілікті университеттің 10-шы корпусында ашылған қосымша екпе егу пункті таңғы 9-дан кешкі 5-ке дейін жұмыс істейді.

Дана Ешкенова