МТРА жаңалықтары

Петропавлда кезекті бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді

Петропавлда кезекті бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді. Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандар бұл жолы Николай Погодин атындағы облыстық орыс драма театрына жиналды.

Сағат тілі 11 болмай келушілердің қатары қалың. Басым бөлігі – орта жастағы жандар. Қалалықтар ең алдымен бірінші қабатта тіркеуден өтіп, үстіне көтеріледі. Мұнда 20 кәсіпорын мен түрлі мемлекеттік мекеме өкілдері 400 бос орын ұсынған. Жұмыс іздеушіге қатысты қойылатын талаптардың барлығы үстелдің үстіндегі арнайы қағаза жазылып қойылыпты.

Юлия Биржанова – қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:


– Бұл – жыл басынан бері өткізіліп отырған 9-шы жәрмеңке. Нәтижесінде бүгінге дейін 750-ден астам адам екі қолға бір күрекпен қамтылды. Өңірде құрылысшылар тапшы, білім беру, денсаулық сақтау және өндіріс салаларына да мамандар қажет. Мұндай жәрмеңкені әр жұма сайын тікелей эфир барысында да ұйымдастырып отырамыз.

 

Маржан Касымбек