Құқық қорғау органдары

СҚО-да 6 мыңнан аса адам алимент төлеуге міндеттелген

Солтүстік Қазақстан облысында 6 мыңнан аса адам алимент төлеуге міндеттелген. Қазіргі күні олардың 270-і / бауыр еті балаларына ақша беруден бас тартып жүр. Жалпы қарыздары 87 млн теңгені құрайды. Берешекті өндіріп алу үшін әділет департаментінің мамандары өзге де органдардың көмегімен тиісті жұмыс атқаруда.

 

Қазақстанда некелесумен қатар ажырасу жағдайлары да жыл санап жиілеп барады. Бұл – облыстық әділет департаменті мамандарының берген статистикасы. Ел бойынша әр 3 отбасының 1-еуі ақ некелерін бұзуға өтініш білдіреді. Ал Солтүстік Қазақстанда әр 2-ші жұп ажырасып кетеді екен. Мейлі. Ең өкініштісі, олардың арасында бейкүнә балалар қалып, өмірдің қиындығын көреді. Сол себепті, жауапсыз ата-аналарды мемлекет алимент төлеуге міндеттейді.

Жұлдыз Баймашева – СҚО әділет департаментінің бөлім басшысы:

– Қазіргі күні облысымызда 6107 адам алимент төлеуге міндеттелген. Олардың арасында 3744 адамнан берешектері еңбекақыларынан ұсталып қалады. Сондай-ақ, 123 адамның 3 айдан аса төленбеген қарыздары бар, ал 147 тұрғын мүлдем алимент бермеген.

Бауыр еті балаларына алимент төлеуден бас тартқан жандарға қатысты мамандар қатаң шара қолданады. Қарызды қайтару үшін сот орындаушылары оларға алдымен іздеу салады, осылайша ақшаны қайтаруға міндеттейді. Егер көнбей жатса, борышкердің жалақы алатын шоттарын бұғаттайды немесе атындағы мүлікті тәркілейді. Сондай-ақ, алимент төлеуге міндеттелгендердің арасында мүлдем жағдайы келмейтін адамдар да бар. Олардың не тұрақты жұмысы, не атында мүлігі жоқ. Әділет департаментінің мамандары оларға халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жұмыс ұсынады. Егер ешқандай білімі болмаса, қысқа мерзімді оқыту курсынан өтуге жәрдемдеседі. Сондай жандардың бірі – Елена есімді қала тұрғыны. Нәзікжандының тұрақты жұмыс орны болмаған соң, 3 айдай алимент төлей алмаған екен.

Елена – қала тұрғыны:


–  Менің 12 жастағы ұлым бар. Оның денсаулығы нашар. Әрі баламды босанған кезде күйеуім қайтыс болды. Сол себепті, ұлымды асырауға шамам жетпей, оны интернатқа тапсырдым. Ай сайын алимент төлеп тұратын едім. Соңғы кезде жұмысымда қиындықтар туындап, қарызым көбейіп кетті. Мәселе жақында шешілді. Әділет департаментінің мамандары мені «Коммунхоз» серіктестігіне жұмысқа орналастырды.

Осыған ұқсас жағдайға Станислав та тап болған. 30 жастағы ер адамның қолында дипломы болмағандықтан ешқашан ресми түрде жұмыс істемепті. Жақында ол газ-электр дәнекерлеуші мамандығы бойынша 3 айлық оқу курсынан өтпекші. Жөнді қызмет тапқаннан кейін барлық қарыздарымнан құтыламын дейді. Айта кетейік, қазіргі күні өңір бойынша алимент төлеуден жалтарған жандардың қарызы 87 млн теңгені құрайды.

Бердимурат Баймухан