COVID-19: Қазақстан

СҚО-да 3 мектеп қашықтықтан білім беру әдісіне көшірілді

Надежда Крупская атындағы №10 орта мектебінің 2 оқушысы мен мұғалімінен коронавирус табылып, білім ұясы қайтадан  қашықтықтан оқуға ауысты. Сырқаттанған жандармен байланыста болған 6 сыныптың шәкірттеріне қатысты  14 күндік карантин тағайындалған.

Осыдан екі күн бұрын Надежда Крупская атындағы №10 орта мектебінің іші оқушыларға толы болатын. 1100-ден астам бала дәстүрлі формат бойынша білім алып жүрді. Алайда, кешеден бастап ұл-қыздар қайта қашықтықтан оқуға көшірілді. Себебі, 2 шәкірт пен 1 мұғалімнің бойынан коронавирус инфекциясы табылған. Содан 6 бірдей сынып карантинге жабылды. Яғни, балаларға 14 күн үйлерінен шығуға болмайды.

Татьяна Анцибор – Н.К.Крупская атындағы №10 орта мектебінің директоры:

– 1-ші және 4-ші сыныпта білім алатын 2 оқушыдан инфекция анықталды. Олар бірден емдеу мекемелеріне жіберілді. Байланыста болған сыныптастары карантинге жабылды. Ал кеше оқу ұясында қызмет ететін маманның вирус жұқтырғандығы белгілі болды. ПТР-тест оң нәтижені көрсеткен. Бұл мұғалім 5-ші сыныптың 4 бірдей тобына білім береді. Соңғы сабағы сейсенбі күні өткен.

Мектепте жалпы 70-тен астам мұғалім еңбек етеді. 4-ші тоқсан басталғалы 2-еуі вирус жұқтырған екен. Қазір ұстаздар жаппай вакцина салдырып жатыр. Бүгінге дейін 20-ға жуық адам екпе ектірген. Оның 2-еуі иммундау курсынан толық өтіпті.

Татьяна Анцибор – Н.К.Крупская атындағы №10 орта мектебінің директоры:

– Карантинге жабылған оқушылардың жағдайы – жіті бақылауда. 2 апта ішінде ешбір бала вирус жұқтырып алмаса, оқушылар мектепке қайта оралуы мүмкін. Бірақ, ол да уақыт еншісінде. Нысанның ішін толық зарарсыздандырдық. Ішіне мұғалімдер мен қызметкерлерден өзге жанның кіруіне рұқсат жоқ.

Ал нысанның бір бөлігінде орналасқан балабақша жұмысын тоқтатпапты. Өйткені, мектеп оқушылары мен шағын орталықтың тәрбиеленушілері бір-бірімен жолықпайды екен. Бүгінде мұнда 3 пен 5 жас аралығындағы 30-ға жуық бала келіп жүр.

Маржан Қасымбек