Спорт

Петропавлда көркем гимнастикадан облыс чемпионаты бастау алды

Петропавлда көркем гимнастикадан облыс чемпионаты бастау алды. Дүбірлі дода ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған. Оған өңіріміздің түпкір-түпкірінен жиылған 5 пен 15 жас аралығындағы 200-ден астам гимнастшы қыз қатысып жатыр. Жарыс 2 күн бойы өтеді.

Көркем гимнастика акробатикалық жаттығулар мен хореографиялық биден тұрады. Күрделі элементтерді орындап, денені 360 градусқа дейін ию үшін бұл спорт түріне 3 жастан бару керек екен. Сонда мына қыздар сияқты шыр көбелек айналып өнер көрсетуге мүмкіндік артады. Көптің ішінде Мәлика Темірбаева есімді бүлдіршін бар. Оны гимнастикаға ата-анасы әкеліпті. Бүгінгі күнге дейін бірнеше жарыста бақ сынаған екен. Сондықтан болар, бойында қобалжу сезімі байқалмайды.

Мәлика Темірбаева – жарысқа қатысушы:

– Гимастикаға 3 жасымда келдім. Осы күнге дейін түрлі элементтер жасауды үйрендім. Бұған дейін бір-екі жарысқа қатысып, 2-ші орын иеленген болатынмын. Бүгінгі нөмірімді 2 аптаның ішінде үйрендім.

5 жасар қыздардан кейін 6 жасар гимнастшыларға кезек келді. Олар қазылар алқасының алдында доптың, лентаның және шеңбердің көмегімен өнер көрсетті. Дарья Иконникова соңғы аталған спорттық жабдықты таңдапты.

Дарья Иконникова – жарысқа қатысушы:

– Көркем гимнастикамен айналысып жүргеніме 3 жылдан асты. Үйренетін элементтер жетерлік. Дегенмен, еліміздің басқа да қалаларында өнерімді паш етіп үлгердім. Алдағы уақытта биік шыңдарды бағындырып, Қазақстанның туын әлемдік жарыстарда көкке көтеремін деп сенемін.

Екі күнге жалғасатын дүбірлі додада өңіріміздің түпкір-түпкірінен келген 200-ден астам қыз бақ сынамақ. Олар жекелей және топтық сындарда өзара мықтыны анықтайтын болады. Спортшылардың ішінен озып шыққандары ел чемпионатына жолдама алып, өңір намысын қорғайды. Аталған жарыс мамырдың ортасында шырайлы Шымкен қаласында ұйымдастырылмақ.

Анастасия Норкина – жарыстың бас төрешісі:

– Көркем гимнастикадан өткізіліп отырған биылғы облыс чемпионаты ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған. Жарысқа қатысушылар 3 жас ерекшелігі бойынша бақ сынауда. Ең кіші қатысушылардың жасы небәрі 5-те болса, үлкендері – 15-те. Дүбірлі додада спорт шеберлері де сынға түсуде. Гимнастшы қыздардың өнерін халықаралық деңгейдегі қазылар бағалап жатыр.

Жарыстың алғашқы күнінде ең кіші гимнастшылардың арасынан жеңімпаздар анықталып, медальдар мен дипломдарға ие болды. Сөз соңында айта кетейік, бүгінде өңірде 500-ден астам бала көркем гимнастикамен айналысады.

Дана Сәлімқызы