Дендролог мамандар қалада ағаш егуге қатысты ұсыныстарын білдірді

Экология

20:43 29 Сәуір 2021

Петропавлда / ескі ағаштар кесіліп, орнына жас көшеттер отырғызылып жатыр. Осы орайда дендролог мамандар жасыл желекті / түрі мен ерекшелігіне қарай үйлестіріп егуді ұсынып отыр. Қазір қала бойынша / өсіп тұрғанына жарты ғасыр болған кәрі ағаштарға зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

Бүгінде облыс орталығында ескі, қураған ағаштар баршылық. Апат айтып келмейді демекші, мұндай қайың-теректер бір күні құлап, зиян тигізбесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Сол себепті, оларды дер кезінде кесіп, орнына жас көшеттерді отырғызу керек. Әзірге, дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қазір дендролог мамандар Әуезов пен Батыр Баян көшелеріндегі жасыл желекті тексеріп, кесуді қажет ететіндерін анықтауда.

Тимур Зверяченко – дендролог:

– Біз әкімдікке жас көшеттерді отырғызуға байланысты 3 түрлі нұсқа ұсындық. Мәселен, мына жерге Қазақстан Конституциясы көшесіндегідей шетен мен шырша отырғызуға болады. Екеуі жақсы үйлесім табады, сонысымен маңайға ерекше көрік беріп тұрады. Тағы гиннал үйеңкісін егу туралы да айттық. Өйткені, оны бірнеше ағаш түрімен үйлестіруге болады. Және гиннал үйеңкісі ашық қызыл жапырақ жаяды. Ол күз кезінде қаланы одан әрі құлпырта түседі. Балқарағай мен қайың ағашы туралы да айттық. Әкімдік өкілдері қай нұсқаны таңдағаны, әзірге, белгісіз.

Тимур Зверяченко ағаш егу кезінде электр сымдарын да назардан шығармау қажет дейді. Оның сөзінше, бағаналар орналасқан жерлерге қысқа әрі баяу өсетін көшет отырғызған жөн. Сонда сымдар да үзілмейді, адамдарға қауіп те төнбейді. Дендрологтың ұсынысына қатысты қалалық қоғамдық кеңес мүшелері қолдау білдіруде. Айтуларынша, жасыл желекті жерге сіңдірмес бұрын оның артықшылықтары мен кемшіліктерін жіті зерттеп алу қажет.

Павел Афанасьев – қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Қоғамдық кеңес отырыстарында қаланы жүйелі түрде көгалдандыру жұмыстарын жүргізу қажеттігі бірнеше мәрте айтылды. Шынымен де, ескі ағаштары кесіп, орнына жаңаларын отырғызған дұрыс. Бірақ, ең алдымен дендролог мамандармен ақылдасып алған жөн. Жалпы, мына тұрған ағаштарды мен бала кезімнен білемін. Өзім 40-тан астым, ал бұларға жарты ғасыр болып қалды.

Дендролог маман ағаштардың жағдайын бізге де көрсетті. Әуезов көшесіндегі жасыл желектің дені бойына су сіңіріп, шіріпті. Батыр Баяндағы жағдай да осы екен. Мұндағы ағаштардың 30-40 пайызы ғана сау.

Тимур Зверяченко – дендролог:

– Геопортал» деген бағдарлама бар. Ол негізінен сәулет саласында қолданылады. Осы жобаны пайдалансақ, әр ағаштың өзінің GPS-і мен электронды картасы болмақ. Нәтижесінде қайың-теректердің жасын, жағдайын біліп отырамыз. Мұндай жоба көгалдандыру жұмыстарын жүргізуді жеңілдетер еді.

Қаланы көгалдандыру жұмыстарын мамандар жыл соңына дейін 2 кезеңмен өткізуді жоспарлап отыр. Яғни, барлық ағашты толық зерттеп қана іске көшпек.

Алтынай Қазиқан

Бұдан әрі оқыңыз

Биыл Петропавл көшелеріне 1200 ағаш отырғызылады
Петропавлда жалпықалалық сенбілік өтті
Бескөл ауылының тұрғындары нәжіс төгетін орынды жабуды сұрайды
Жағымсыз иіс неден шыққан
Кәсіподақ қозғалысы ардагерлерінің аллеясы 11 шыршамен толықты
Былтыр өңірде су алатын 36 колонкада судың сапасы талапқа сай келмеген
«Ақ көгершін» экологиялық акциясы өткізілді