COVID-19: Қазақстан

“QazVac” вакцинасы 463 солтүстікқазақстандыққа егілді

400-ден астам солтүстікқазақстандық отандық “QazVac” вакцинасын таңдаған.
Екпе қабылдаған жандар – қазір дәрігерлердің жіті бақылауында. Әзірге, емдеу мекемелерінде екпенің 2 түрі қолданылып жатыр. Жақын арада өңірге тағы қытайлық “Синофарм” вакцинасы да жеткізіледі.

 

Қазақстандықтарға ақпан айынан бері коронавирусқа қарсы вакцина қойылып жатыр. Бүгінге дейін өңірімізге ресейлік “Спутник-V”-дің 65 мыңнан астам дозасы жеткізіліпті. Оның 1-ші компонентін 25 мыңға жуық адам салдыртқан екен. Ал 6800-ге жуық солтүстікқазақстандық
иммундау шарасының толық курсынан өткен. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісовтің сөзінше, екпе қойдырғандардың жағдайы жақсы, ешбірінде кері әсер байқалмаған. Дегенмен, жуырда бір теріскейлік вакцинаға қатысты шағымын, әлеуметтік желілерде жазба қалдырған болатын.

Құмар Күсемісов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

 

– Әлеуметтік желілерде жарияланған жазба жайында түсініктеме бере кетейін. Нәзікжанды шынымен де вакцина қойдыртқан. Артынша екпе салғызған жері көгеріп, іскен. Бұл жағдайға екпенің еш қатысы жоқ. Себебі, иммундау шарасы кезінде ине қан тамырына тиіп кеткен. Салдарынан осындай жағдай орын алып отыр. Айта кетейін, кез келген инъекциядан кейін көгеру, ісіну болуы мүмкін. Бұл – қалыпты жағдай.

Екі күн бұрын, яғни, сәуірдің 26-сы өңірге отандық “QazVac” вакцинасының алғашқы легі жеткізілді. Вакцинаның көлемі 2 мың дозаны құрайды. Ол да екі компоненттен тұрады. Қос екпенің аралығы 21 күн болуы тиіс. Отандық өнім қаладағы 4 емханаға және жақын маңдағы аудандарға таратылды. Бүгінге дейін “QazVac”-тың 1-ші компонентін 463 солтүстікқазақстандық қойдыртып үлгерген. Қазір олардың барлығы – дәрігерлердің жіті бақылауында.

Құмар Күсемісов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

 

– Бүгінде емдеу мекемелерінде вакцинаның 2 түрі қолданылып жатыр. Яғни, тұрғындар “QazVac”-ты немесе “Спутник-V”-ді – екеуінің біреуін таңдай алады. Жақын арада өңірге қытайлық “Синофарм” екпесі де жеткізіледі. Яғни, кейін солтүстікқазақстандықтар 3 түрлі өнімнің біреуін таңдай алады.

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айына дейін 10 млн қазақстандық вакциналанбақ. Оның 300 мыңы – өңір тұрғындары.

Дана Ешкенова