МТРА жаңалықтары

СҚО-дағы пошта бөлімдері толығымен автоматтандырылады

Пошта бөлімдері толығымен автоматтандырылады. Бүгін өңірге «Қазпошта» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев келді. Ол облыстық әкімдікте аймақ басшысы Құмар Ақсақаловпен кездесті. Жиын барысында теріскей өңіріндегі пошта желісін дамыту жайлы айтылды және қос тарап осы жөнінде меморандумға қол қойды.

 

Қазпошта еліміздің цифрлық дамуына үлес қосып, халық тұрмысын оңтайлы етуге көп ықпал етеді. Тұрғындар желі арқылы сауда жасап, хат-хабар алмасады. Мәселен, соңғы уақытта өңірде интернет-сауда қарқынды дамып келе жатыр. Яғни, жерлестеріміздің дені тауарды онлайн түрде сатып алуға басымдық береді. Осы орайда аймақтағы пошта желілерін заманауи етіп, олардың жұмысын толықтай автоматтандыру қажет деді Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінде облыстағы 139 пошта бөлімшесі автоматтандырылған. Бұл тұрғындар үшін көп мүмкіндік ашты. Жерлестеріміз зейнетақы, жәрдемақы мен жалақыларын онлайн режимде алып жүр. Ел ішінде және шетелге аударымдар жасалуда. Алдағы уақытта сіздермен бірге «Қазақстан азаматының әлеуметтік картасы» жобасын жүзеге асырғымыз келеді. Сондай-ақ, биыл аймақтағы пошта бөлімдерін 100 пайыз автоматтандыруды жоспарлап отырмыз.

«Қазпошта» ұйымының өкілдері облыстағы 88 бөлімшені жабдықтамақшы екен. Келешекте өңірдің түкпір-түкіріндегі пошта мамандары тұрғындарға көптеген мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда шалғай орналасқан елді мекендерде халыққа қызмет көрсету орталығы секілді мекемелер жұмыс істемек.

Қанат Алпысбаев – «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы:

– Қазіргі күні біз осы жөнінде жоспарды талқылап жатырмыз. Солтүстік Қазақстан облысында үлестіру орталықтарын ашқымыз келеді. Бұл өте маңызды жоба. Себебі, аймақта интернет-сауда қарқынды дамып келеді және теріскей Ресеймен шекаралас орналасқан.

Келіссөздер жүргізілген соң қос тарап меморандумға қол қойды. Келісім аясында енді өңірдегі пошта саласы одан әрі дами түспек.

Бердимурат Баймухан