Білім

Шағын жинақты мектептердегі кадр мәселесі талқыланды

Өңірде жалпы білім беретін 468 мектеп болса, оның басым бөлігі – шағын жинақты. Қазір мұндай білім ұяларында бала саны аз әрі кадр тапшы болып отыр. Мәселені шешу жолдары “Өрлеу” орталығының мамандары ұйымдастырған республикалық конференцияда талқыланды. Онлайн шараға ресейлік және украиналық мамандар да қатысты.

 

Балтабай Рамазанов Борки кентіндегі шағын жинақты №16 мектепке жетекшілік етеді. Мұнда небәрі 84 бала білім алады. Мектеп директорының айтуынша оқушы санының аздығымен қатар аталған
білім ұясында кадр жетіспеушілігі сынды мәселе де бар екен. Білікті маманды қалай тарту қажет? Ол туралы “Өрлеу” орталығы ұйымдастырған конференция барысында айтылды.

Балтабай Рамазанов, №16 шағын жинақты орта мектебінің директоры:

– Жиында бізді мазалайтын проблемалардың барлығы айтылды. Мәселен, бала санының аздығы, педагог жетіспеушілігі сынды мәселелер көтеріліп, шешу жолдары талқыға салынды. Біздің мектебімізде маман аз. Кейбір кадрлар өзге мектептен келіп білім береді.

Қазіргі таңда шағын жинақты мектептерде 3 негізгі мәселе бар. Оның екеуі жаңа айтылды. Үшіншісі сыныптардың біріктіріліп оқытылуына қатысты. Жиында ауыл мен қала мектептері арасындағы білім деңгейі де сөз болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын шетелдік мамандар келіп ауыл мен қала жастарын арнайы тестілеуден өткізіпті. Сонда білім деңгейіне қатысты айырмашылық 19 ұпайды құраған екен. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш ауылдық мектептердің оқыту бағдарламасынан жарты жылға қалып келе жатқанын білдіреді.

Лейла Әлмағамбетова – “Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы СҚО бойынша директорының орынбасары:

– Өңірде жалпы білім беретін 468 мектеп бар. Оның 300-ден астамы – шағын жинақты оқу ошақтары. Ал мұғалімдерге келетін болсақ, облыстағы 11 мың ұстаздың тек 1600-і ғана “педагог-шебер”, “педагог -зерттеуші” біліктілік санаттарын растаған.

Алдағы уақытта шағын жинақты мектеп мұғалімдері вебинарлар мен конференцияларға, сондай-ақ біліктілікті арттыру курстарына белсенді түрде тартылатын болады.

Алдияр Айтпаев