Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірде 11 мектеп әлі күнге дейін электр көзімен жылытылады

Облыс бойынша 120-ға жуық биоқазандық орнатылған. Игі істің нәтижесі де көп күттірмеді. Өткен жылы бюджеттік ұйымдар көмірге жұмсалатын қаржының 260 млн теңгесін үнемдеп қалды. Алайда, бірі қаражатты тиімді пайдаланып жатса, енді бірі оңды-солды шашуда. Облыс бойынша 11 мектеп әлі күнге дейін электр энергиясымен жылытылады екен. Бұл орталықтандырылған жылытумен салыстырғанда 8 есеге қымбатқа түсетін көрінеді. Көнерген әдісті қауырт маусымға дейін заманауи баламасына ауыстыру қажет. Қала мен аудан әкімдеріне аймақ басшысы Құмар Ақсақалов бүгін осындай тапсырма жүктеді.

 

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 3 жылда жылу электр орталығының жабдығын жаңғыртуға және 51 км жылу желісін жөндеуге 23 млрд теңге бағытталды. Бұл жұмыс жалғасатын болады. Ауылдарда тұратын халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін көпқабатты баспаналарды орталықтандыру жылыту жүйесіне қосып жатырмыз.

Бүгінге дейін елді мекендердегікөпқабатты 201 баспана орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Биылғы меже – ортақ желіге 67 үйді қосу, яғни 700 пәтер.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Новоишимское мен Тимирязево селоларындағы қазандықтар әбден ескірген. Биыл аталған елді мекендерде жаңасын салу көзделіп отыр. Тағы Айыртау мен Ақжар аудандарындағы қазандық іске қосылады. Нәтижесінде 175 пәтерде тұратын отбасылар жылыту жүйесімен қамтылады.

Қазандықтың игілігін ақжарлықтар өткен жылы көрулері тиіс еді. Бірақ, жұмыс сылбыр жүргізіліп, шаруа кейінге шегеріліпті. Ауданның бұрынғы әкімі Ербатыр Мадьяров жауапсыздық танытқаны үшін креслосынан айырылды. Әріптесінің кебісін кимеймін десе Қанат Қалиевке істі тез арада біржақты ету керек. Бұл білім ошақтарынан қазандықтарды бөлек шығаруға да қатысты. Бүгінге дейін облыс бойынша 66 оқу ұясында тиісті жұмыс атқарылған. Осы ретте тағы да Ақжар ауданы көш соңында қалып отыр. Ауданда биыл 8 мекемедегі пешті нысанның сыртына орнату жоспарланған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қарапайым пешті биоқазандыққа ауыстырып жатқанда мектепті әлі де электр көзімен жылытатын елді мекендер бар. Өңірдегі 11 білім ошағында жүйе ауыстырылмаған. Оның 5-уі Мамлют ауданында орналасқан. Владислав Геннадьевич, бұл не сұмдық? Бюджеттен қомақты қаражатты босқа шашып жатырсыздар.

Владислав Лукин – Мамлют ауданының әкімі:

– Еркебұлан Мамбетовтың бастамасымен Меңгесер ауылында орталықтандырылған қазандықтың құрылысы жүргізіледі. Кейін ауылдағы мектепті соған қосатын боламыз. Ал Мамлютка қаласындағы білім ошағы бойынша сараптама жүргізілді. Жылыту жүйесін толық ауыстыру үшін 35 млн теңге қажет. Осы жөнінде қолдау танытсаңыз.

Шаруаны созып жүргені үшін облыс әкімі Владислав Лукинге ескерту жариялады. Әйтпегенде ше. Мектепті электр көзімен жылыту қазандықпен жағудан көрі бақандай 8 есе қымбат екен. Ақшаның тиімсіз жұмсалу фактісі Петропавлда да бар. Облыс орталығындағы №12, 31 және 42 мектептер де орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

–  Мектептер Былғары зауыты ауданы мен Заречный кенттерінде орналасқан. Орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосу тым қымбатқа түседі. Сол себепті, қазандық орнату керек. Шаруаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырғымыз келді. Бірақ, жоба тоқтап қалды.

Қалалық әкімдік бейінді басқармамен бірігіп мәселені шешу тетігін іздестіруде. Алдағы уақытта биоқазандықтар орнатылуы мүмкін. Уақыт көрсеткендей шаруа ойдағыдай іске асырылса млн-даған қаржы үнемделмек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінге дейін облыс бойынша 118 биоқазандық орнатылды. Оның 13-ін өткен жылы іске қостық. Нәтижесінде бюджеттік ұйымдар көмірге жұмсалатын қаржының 260 млн теңгесін үнемдеп қалды. Бір ғана мысал: былтыр Явленка ауылында әмбебап қазандық орнаттық, яғни қара отын да, сабан да жағуға болады. Әдетте, олар қауырт маусымға 55 млн теңге бағыттаса, өткен жылы тек 30 млн-ға шығындалды.

Жылыту маусымы әлі аяқталған жоқ. Бірақ, келесі науқанға өңір бойынша дайындық басталып кетті. Коммуналдық қызметтер енді желілерді жөндеу жұмыстарына білек сыбана кіріседі. Асфальт пен топырақты қопарып, құбырларды ауыстырады. Кейін сол учаскенің быт-шытын шығарады да тайып тұрады. Әрине, үнемі емес, десе де соңғы жылдары жиі кездесетін көрініс. Өткен жылы коммуналдық кәсіпорындарға жөндеу немесе құрылыс жұмыстарын жүргізуге 288 ордер берілсе, бүгінге дейін тек 216-сы ғана жабылған.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Ордерлердің кейбірін жабуға өзіміз рұқсат бермейміз. Себебі, жұмысты сапалы атқаруларын талап етеміз. Мәселен, құбыр қыста жарылып, ауыстырылады. Ал сол жерге асфальт төсеу үшін көктемнің келгенін күтеміз. Шаруаның атқарылу мерзімін кешіктірген мердігерлерге айыппұл салдық.

Ескерту жасайды, айыппұл салады, бірақ қатаң жазаламайды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жауапсыз мердігерлер мен коммуналдық қызметтерге жылы қабақ таныта бермей, бірден прокуратураға жүгіну қажет деді. «Қызылжар су» мен «Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш» серіктестіктеріне де қатысты осындай амал қолданылмақ. Себебі, тұрғындар тарапынан асфальт деңгейінен төмен немесе биік орналасқан люктерге қатысты шағым көптеп түсуде. Бүгінде 645 құдық қақпағын жолдың бетімен бірдей қылу керек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл масқара ғой. Машинамен жүргенде құдықтар сезілмеуі керек. Басқа қалаларда люктердің деңгейі асфальтпен бірдей. Жолдарды жөндегенде бірден құдықтың қақпағын ескеру керек. Қажет болса қосымша қаражат бөліңіздер. Олқылықты тез арада түзетіңіздер.

Монополистер мамыр айында шаруаны біржақты етеміз деп уәделерін берді. Сөздерінде тұрмаса, Құмар Ақсақалов айтқан қатаң жаза қолданылатын болады.

 

Эльмира Садвокасова