МТРА жаңалықтары

Интернет-алаяқтар бағдарламашы маманды сан соқтырып кетті

Петропавлда интернет-алаяқтар бағдарламашы маманның өзін оп-оңай сан соқтырып кетті. Жақында жергілікті полицейлерге оқу орындарының бірінде жұмыс істейтін қызметкер жүгінген.

Ол ойда-жоқта қулардың құрығына түсіп қалыпты. Ер адам компьютердің жүйелік тақтасын сатып алу мақсатымен ғаламторды ақтарып отырып, бір жарнамаға көзі түседі. Кейін, “айлакер сатушымен” хабарласады. Алаяқ жылы сөйлеп, “Ақша оңай аударылатын бағдарлама бар, қазір соны сізге жіберейін, соған кіріңіз де өзіңіздің жеке деректеріңізді жазыңыз, мен ештеңе білмейтін боламын” деп алдап соғады. Бағдарламашы пысықайдың айтқанын екі етпей орындайды. Сол сәтте оның компьютерін әлгі қу қашықтықтан басқару мүмкіндігін иеленген екен. Осылайша, қас-қағым сәтте жәбірленушінің картасынан 78 мың теңгені шешіп алған. Полицейлер тұрғындарға интернет кеңістігінде аса сақ болуға, жеке деректерді ешкімге бермеуге және түрлі сілтемелерге өтіп, күдік туғызатын жандармен байланыс орнатпау қажеттігін ескертеді.

Байболат Култанов