Әр түрлі

Жолаушы тасымалдаушыларға субсидия төленуі мүмкін

Табысына қарағанда шығыны көп. Саяжайлар мен қала сыртында жолаушы тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлер қиын-қыстау кезеңді бастан кешіруде. Автобус иелерінің айтуынша оларға қаржылай қолдау қажет. Бүгіннің өзінде бірнеше бағыттағы қоғамдық көлік жұмысын тоқтатқан.

Жолаушы тасымалдаушыларға көмек қажет! Қалалық қоғамдық кеңесте сөз алған бірінші спикердің айтқаны осы. Наурыздың 17-сі облыстық мәслихаттың отырысы өтіп, шаһар автобустарының шығынын субсидиялау туралы шешім шығарылыпты. Дәл осындай қолдау саяжайларға қатынайтын – 13, елді мекендер арасында жүретін 9 қоғамдық көлікке көрсетілуі тиіс. Әйтпеген жағдайда солтүстікқазақстандықтар жолаушы тасымалдаушылардан мүлдем айырылып қалуы мүмкін.

Бақыт Ілиясов – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:


–  Петропавл-Боровское бағытындағы автобус жұмысын тоқтатты. Себебі, жолаушы тасымалдау тиімсіз болды. Боровское мен Кондратовка селоларында 750 адам тұрады. Оның 420-сы – ересектер, 90-ы Петропавлда жұмыс істейді. Архангельское-Петропавл бағытында да қазір автобус қатынамайды. Новокаменка мен Архангельское елді мекендерінің 2 мыңға жуық тұрғыны бар. Олардың 25 пайызы облыс орталығында немесе өзге селоларда еңбек етеді.

Өзге бағыттардың да күні қараң. Жақын арада жергілікті әкімдіктен көмек көрсетілмесе, темір тұлпарлар автотұраққа аттанады. Жолаушы тасымалымен айналысудың тиімсіздігін Мамлютка-Петропавл арасында қатынайтын автобуспен есептейік. 30 күн ішінде жанар-жағармайға – 1,1 млн, жүргізуші жалақысына 400 мың теңге қажет. Тағы жөндеу жұмыстары, дөңгелек пен май ауыстыруы бар. Ал бір айлық табысы көп дегенде 1 млн теңгені құрайды екен. Яғни, кәсіпкерлер шығынға белшесінен батып жатыр. Шаһарлықтарды саяжайларға апаратын автобустардың да жағдайы осындай.

Болат Рахимов, «Петропавловск-Норд» ЖШС директоры:

– Қазіргі ахуал – өте күрделі. Дизельдік отын мен көлік бөлшектерінің бағасы күн санап өсуде. Ал, біз 2017 жылы бекітілген тариф бойынша жұмыс істеп келеміз. Ол кезде жанар-жағармай 92 теңге тұрса, бүгінде бір литрін 190-200 теңгеге аламыз. Бір сөзбен айтқанда шығынға белшеден батып жатырмыз.

Жүргізушілердің жалақысын төлей алмай жатқанда, автобустарды ауыстыру былай тұрсын, жөндеудің өзі қалтаға біраз салмақ түсіреді дейді кәсіпкер. Сондықтан, жергілікті әкімдік шығындарды субсидияласа, аз да болсын көмек болмақ.

Болат Рахимов, «Петропавловск-Норд» ЖШС директоры:

– Субсидия былай есептеледі. Қазір жол ақысы 80 теңгені құрайды. Бірақ, әр жолаушы үшін шығын 120 теңге делік. Сол 40 теңгені бізге әкімдік төлеуі тиіс.

Бақыт Ілиясовтың сөзінше саяжайларға апаратын автобустарды субсидиялауға айына 5 млн теңге жұмсалмақ. Бірақ, бұл 2012 жылғы есеп екенін де ескеру керек. Бағаның өскеніне байланысты соманың да артуы әбден мүмкін. Өзекті мәселе қоғамдық кеңесте көтерілгенімен, нақты шешім қабылданған жоқ. Қоғамдық көліктер “әлеуметтік маңызы бар бағыттар” санатына ене ме, жоқ па – ол әлі белгісіз.

Эльмира Садвокасова