Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавл электротехникалық зауыты биыл іске қосылады

Петропавлда маусым айында электротехникалық зауыт іске қосылады. Қазір өндіріс ошағы орналасатын нысан қалыпқа келтіріліп жатыр. Бұл мақсатқа 10 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталған. “Alageum Electric” компаниясы жылына 13 мың трансформатор шығаруды көздеп отыр. Әрі жобаны жүзеге асыру аясында 300 адам жұмыспен қамтылады.

 

Бұл – бұрынғы МЛД зауыты. Осыдан бірнеше жыл бұрын дүркіреп тұрған кәсіпорын жұмысын тоқтатты. Қазір қайта жанданып жатыр. Алдағы уақытта дәл осы жерде Петропавл электротехникалық зауыты өндірісін бастамақ. Мамандар бүгінге дейін ғимараттың сыртын толық қалыпқа келтіріп, шатырын ауыстырған. Ал ішіне цемент құйып, 5 бөлікке бөліпті.

Дәулет Жәрдемов – “Петропавл электротехникалық зауыты” ЖШС өндіріс жөніндегі директоры:

– Бастапқыда мұнда бір ғана цех болды. Қазір өздеріңіз көріп тұрғандай, 5 кіші цехқа бөлдік. Әр бөлімде өнімге керек бөлшектер шығарылады. Әр учаскеде әр түрлі жұмыс атқарылады. Бұл – бізде дәнекерлеу, сырлау, құрастыру бөлімі.

Қалыпқа келтіру жұмыстары өткен жылдың маусымында басталған болатын. Алдағы маусым айында аяқтау жоспарланып отыр. Ауқымды жобаны жүзеге асырумен «Alageum Electric» компаниясы айналысуда.

Дәулет Жәрдемов – “Петропавл электротехникалық зауыты” ЖШС өндіріс жөніндегі директоры:

– 2020 жыл пандемиямен басталды. Бастапқыда құрылысшыларды табу қиын болды. Қазір бұл проблема толық жойылды. Бүгінде 150 жұмысшы мен 20 техника бар.

Шаруа аяқталған соң кәсіпорын жылына жалпы құны 12 млрд теңге құрайтын 13 мың трансформатор шығармақ. Әзірленген өнімнің басым бөлігі көршілес елдерге экспортталады.

Мақсат Үсенбаев – “Петропавл электротехникалық зауыты” ЖШС бас директоры:

– Жобаға 10 млрд-тай қаржы қарастырылған. Оның 3 млрд-ы – мемлекет тарапынан, қалғанын жеке инвестор құйды. Мұндай зауыт ел бойынша тек 3 қалада бар. Олар: Шымкент, Орал, Кентау.

Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандардың құлағына алтын сырға. Зауыт өз жұмысын бастаған соң мұнда 300-ге жуық жұмыс орны пайда болады. Қазірдің өзінде өндіріс ошағының басшылығы компьютердің тілін жетік білетін мамандарды іздестіріп жатыр.

Маржан Қасымбек