Құқық қорғау органдары

Өңірдің құқық қорғау саласында цифрлы қызмет көрсету дамып келеді

Өңірдің құқық қорғау саласында цифрлы қызмет көрсету дамып келеді. Мамандардың айтуынша, бұл әкімшілік істерді тез жүргізуге септеседі. Мәселен, биыл өңір полицейлері планшеттің көмегімен 30 жарым мың хаттама толтырған. Нәтижесінде қазына 96 млн теңгеге жуық қаржымен толығыпты. Сондай-ақ, еліміздің құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті қолға алған жобалар аясында да ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің негізгі бағыттарының бірі – ол қылмыспен күрес шараларын әзірлеу және алдын алу кезіндегі қылмыстық-құқықтық статистиканы қалыптастыру болып табылады. Мамандар қылмыстың жағдайын, деңгейін және оны жасауға итермелейтін себептерін анықтайды. Осы орайда 2014 жылдан бері облысымызда құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет әзірлеген «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» порталы жүзеге асырылуда. Бұл картада тіркелген қылмыс, оның жасалған уақыты мен мекен-жайы жазылған. Порталға қызметкерлерден бөлек еліміздің кез келген азаматы интернет арқылы кіре алады. Ол үшін qamqor.gov.kz сілтемесіне өту қажет.

Зарина Ақпанова – ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті СҚО бойынша басқармасының прокуроры:

– Бұл карта крыша.кз сайтында да орналасқан. Ол арқылы өзіңізді қызықтырған аудандағы криминогендік жағдайды біле аласыз. Осылайша, тұрғын үй мен баланың оқуға баратын жерін таңдаған кезде қауіпсіз ауданды анықтауға болады. Профилактикалық және алдын алу шараларының нәтижелері бойынша облыс аумағында қылмыс 22,3%-ға төмендеді.

Өңірде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде енгізілген «Электрондық қылмыстық іс» жобасы да жұмыс істеп тұр. Оның аясында үстіміздегі жылдың 1-ші тоқсанында облыста электрондық форматта 1200-ге жуық қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Осылайша, сот 64 адамға қатысты 55 іс қараған. Тұрғындар да цифрлы жүйеге көп көңіл бөледі. Бүгінде онлайн қызмет алушылардың саны күн өткен сайын біртіндеп артып келеді екен. Жыл басынан бері өңір азаматтарынан құқық қорғау органдарына бұзақылық жасау, тонау, мал-мүлік ұрлығына қатысты онлайн түрде 200-ге жуық арыз келіп түскен. Жергілікті кәсіпкерлер үшін де арнайы мобильдік қосымша жұмыс істеп тұр.

Зарина Ақпанова – ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті СҚО бойынша басқармасының прокуроры:


–  Өңірде QAMQOR қалтадағы көмекші – инновациялық жоба іске қосылған болатын. Кәсіпкерлер оның көмегімен ұялы телефон арқылы жұмысына жасалатын тексеріс қызметін қарай алады. Яғни, телефонға «Сізге тексеруге келеді» деген мәтінмен Puch-хабарлама келеді. Осы қосымшада тексеруге қатысатын адамдар, мерзімі, құқықтық негіздері мен тексеру мәні туралы мәліметтер көрсетіледі.

Одан бөлек, әкімшілік іс жүргізу үрдісі де автоматтандырылған. Қазіргі күні құқық қорғау органдарының өкілдері мобильдік құрылғылардың көмегімен электронды түрде хаттама толтырып, онлайн түрде жұмыс жүргізіп жүр. Мәскелен, теріскейлік тәртіп сақшылары 700-ге жақын планшет қолданады екен. Сондай-ақ, биыл облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті электрондық әкімшілік іс жүргізу үшін 95 планшет сатып алған.

Бердимурат Баймухан