Спорт

“Qyzyljar” ФК турнирлік кестенің 6-шы сатысына көтерілді

Сенбі күні “Qyzyljar” футбол клубы талдықорғандық “Jetisy”-ды тас-талқан етіп ұтты! Қос команда арасында өткен матч 3 те 0 есебімен аяқталды.

Бұл ойында жерлестеріміздің басымдығы бірден байқалды. Олар қайта-қайта шабуылдап, қарсыластардың апшысын қуарды. Теріскейліктердің белсенділігі кездесудің 20-шы минутында оң нәтиже берді. Валерий Каршакевич айып алаңына асырылған допты тура бағыттап, торда тулатты. 1-ші тайымда тасқамал әрі соңғы уақытта мергендігімен көзге түсіп жүрген қорғаушы Әлібек Қасым да қанжығасын майлады. Ол жойқын соққымен есепті еселеді. Ал матчтың соңына таман Данило Алвес гол авторы атанып, “Қарасай” стадионына жиналған жұртшылықты бір серпілтіп тастады. Жергілікті ұжым қазір 10 ұпаймен турнирлік кестенің 6-шы сатысында тұр. Қызылжарлықтардың келесі кездесуі сәуірдің 29-ы күні өтеді. Бұл жолғы қарсыласымыз – қызылордалық “Kaisar”.

Байболат Култанов