Білім

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың соңғы кезеңі өтуде

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың соңғы кезеңі өтуде. Білгірлер сайысында қазақстандық жоғары сынып оқушылары бақ сынап жатыр. Додада біздің аймақтың намысын 70-тен астам бала қорғауда. Жеңімпаз атанған ұл-қыздар халықаралық байқауға жолдама алмақ.

 

Республикалық байқау онлайн форматта өтіп жатыр. Оған қатысушылардың бірі – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының 11-ші сынып оқушысы Сабина Тастемір. Ол облыстық кезеңде 2-ші орын еншілеп, ел көлеміндегі білгірлер сайысына жолдама алған. Мұнда шәкірт қыз қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша берілген тапсырмаларды орындауда.

Сабина Тастемір – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарында балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:


–  Бұл олимпиадаға қатысуымның басты себебі – өзімді шыңдау және де осындай жетістіктерге жетіп, үлгілі оқушы болу. 0,38 Бірінші облыстық кезең 2 турдан тұрды. 1-ші тур – эссе, 2-шісі жазба құралдарынан құралды. Облыстық турда мен екінші орын иегері атандым.

Білім додасы 16 жалпы білім беретін пәндер бойынша өтуде. Республикалық сайыста облыстық кезеңнен сүрінбей өткен 70-тен астам солтүтікқазақтандық бақ сынап жатыр.

Роза Сәркен – СҚО білім беру саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры:


–  Олимпиада Ю-стади облыстық тестілеу орталығында өтеді. Біздің облыстан 73 оқушы қатысады. Олимпиада тапсырмаларын, оқушылардың жұмыстарын, дұрыс жауаптарды және нәтижелерді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының интернет-ресурсынан көруге болады.

Сонымен қатар, биыл алғаш рет өзін-өзі тану пәні бойынша да олимпиада өтіп жатыр. Балалар тапсырмаларды компьютер мен интернетті пайдалана отырып “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығының сайтынан жүктейді. Байқау соңында жеңімпаздар алғыс хаттармен марапатталады.

Маржан Касымбек