ТЖ

Қауіпсіздік шаралары түсіндірілді

Қазіргі таңда тасқынмен қатар, қызыл жалынның да қаупін естен шығармаған жөн. Жалпықалалық сенбілік кезінде шаһардың өрт сөндірушілері Петропавлдың шеткері аудандырында рейд жүргізді. Шара барысында мамандар тұрғындарға қызыл жалынды болдырмау ережелерін түсіндірді.

 

Жинаған жапырақты өртемей, қапқа салып, қаланың сыртына шығару керек. Себебі, бықсыған қоқысты жел көтеріп, өртке ұласуы әбден мүмкін. Жалпықалалық сенбілікке ЕС 164/1 мекемесіне қарасты тергеу изоляторының 20-дан аса маманы қатысып жатыр. Олар мекеме маңын ғана емес, жақын маңайда орналасқан жер үйлердің де аумағын қоқыстан тазартуда.

Эльдар Қарағыров – ЕС 164/1 мекемесі тергеу изоляторы бастығының орынбасары:

– Қоқысты қаланың сыртына шығарып жатырмыз. Ол үшін арнайы техника жалдадық. Ағаштан түскен жапырақ көп. Қазірдің өзінде жүк көлігімен 2 рейс жасадық. Таңғы тоғыздан осы жерде жүрміз. Жел аздап қиындық туғызып тұр. Қоқысты артқанда ұшып кетіп жатыр.

Сенбі күні ерте тұрып, қала көшелеріне шыққан халықтың қарасы қалың болды. Бәрі аулаларын қалыпқа келтіріп, шаһарды тазалау жұмысына бір кісідей қатысып жатыр. Ал Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері тұрғындарға жадынама қағаздар таратып, өрт қауіпсіздігі ережелерімен таныстыруда. Жерлестеріміздің көбісі мамандар айтқандай қоқысты қапқа салып жатыр. Бірақ, кейбір жандар жиналған жапыраққа сіріңке тастап, өртеуде.

Жанат Жұмажанов – Петропавл қалалық ТЖБ бас маманы:

– Төтенше жағдайлар басқармасы, жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері, орман шаруашылығы мамандары және студенттермен бірлесе рейд шарасын өткізіп жатырмыз. Біз қаланың шеткері аудандарына және саябақтарға барып түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Кеше ғана қалада шөп жану фактісі тіркелді. Қызыл жалыннан 1 саяжай мен соның жанында тұрғызылған нысан зардап шекті. От темекі тұқылынан тұтанған.

Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қоқыс өртегендерге ескерту жасайды. Егер ереже еленбесе, жауапты тұлғаларға айыппұл салады. Айта кеткен жөн, өңірімізде өрт қаупі жоғары маусым сәуірдің 12-сі күні басталды. Содан бері Петропавлда 2 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.

Бердимурат Баймухан