Бүгін Чернобыль апатының орын алғанына 35 жыл болды. Бұл – өткен ғасырда тіркелген ең ірі техногенді оқыс оқиға.
Украинадағы атом электр станциясының 4-ші энергоблогындағы жарылыстан бүкіл әлем дүр сілкінді. Радиоактивті түтін аймақтарға тарады. Тіпті, Ресейдің Брянск және Калуга облыстарына дейін жетті. Жалпы, 145 мың шаршы шақырым жер ластанып, 5 миллион халық зардап шекті. Апаттың зардабын жоюға қазақстандық азаматтар да қатысқан болатын. Оның 4 жарым мыңы – солтүстікқазақстандықтар. Бүгінде бұл жандардың тек 300-ге жуығының ғана көзі тірі. Биыл жарылыс болған жерде қызмет еткендерге мемлекет қазынасынан 5-тен 70 АЕК көлемінде жәрдемақы беріледі.