СпортБилік

Облыс әкімі 2 дүркін Азия чемпионы Нұрқожа Қайпановты жеңісімен құттықтады

Кеше жерлестеріміз ел мақтанышы Нұрқожа Қайпановты қарсы алды. Солтүстікқазақстандық палуан жақында ғана Алматы қаласында еркін күрестен екі дүркін Азия чемпионы атанды. Ал бүгін чемпионды аймақ басшысы Құмар Ақсақалов қабылдап, 1 млн теңгенің сертификатын табыс етті.

 

Кездесу барысында өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов соңғы уақытта облысымыздағы спорттың дамуына едәуір көңіл бөлініп жатқанын айтты. Яғни, жыл сайын жаңа спорт нысандары бой көтеріп, жастарға тиісті жағдай жасалып жатқанын тілге тиек етті. Кейін кезек марапаттау рәсіміне келді. Бүгінгі жиынның басты себепкері – Нұрқожа Қайпанов. Аймақ басшысы 2 бірдей Азия біріншілігінде қарсылас шыдатпаған білекті ұлды жеңісімен құттықтап, 1 млн теңгенің қаржылай сертификатын табыс етті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Бұл – тек қана Солтүстік Қазақстан облысының ғана емес, бүкіл қазақ елінің қуанышы. Тағы да құтты болсын! Әрбір спортшының алдында негізгі жарысы болады. Олимпиада ойындарына жетіп, тек қана жоғарыдан көрін! Рахмет саған, құтты болсын!

Естеріңізге сала кетейік, жақында еркін күрес шебері Нұрқожа Қайпанов Алматы қаласында өткен Азия біріншілігінде топ жарды. Осылайша, екі дүркін Азия чемпионы атанды. Палуан өз кезегінде құрмет көрсетіп жатқан қауымға алғысын білдірді.

Нұрқожа Қайпанов – еркін күрестен екі дүркін Азия чемпионы

Алда келе жатқан Токио Олимпиадасында қазағымның көк туын желбіретемін деген үміттемін. Менің қасымда көп жақсы адамдар жиналған. Сол жандарға көп рахметімді айтқым келеді. Мен үшін әрқашан уайымдап жүреді. Алдағы уақытта үміттерін ақтаймын деп ойлаймын.

Бұл жиында Нұрқожаны бала күнінен жаттықтырып жүрген бапкерінің де еңбегі еленді. Аян Бейсембаевқа 200 мың теңгенің қаржылай сертификаты табысталды.

Алтынай Казиканова